«Кешенді жарысқа құрлықтағы 32 елден 1147 спортшы қатысады. Олар спорттың 6 түрінен (11 дисциплина - биатлон, тау шаңғысы, кёрлинг, конькимен жүгіру, шорт-трек, мәнерлеп сырғанау, шаңғы жарысы, сноуборд, фристайл-акробатика, шайбалы хоккей, ски-альпинизм) 196 медаль жиынтығының иесін анықтайды», – деді ведомство өкілі.
Айта кетерлігі, 1996 жылы үшінші ақ Азиада да Харбин қаласында өтіп, онда Қазақстан 14 алтын, 9 күміс, 8 қола жүлде жеңіп алған. Бұл жалпы есептегі 2-орын. Жалпы Қазақстан қысқы Азиадаға сол 1996 жылғы ойындардан бері қатысып келеді. Осы аралықта 78 алтын, 62 күміс және 56 қола медаль жеңіп алған.
Еліміздің Ұлттық құрамасы спорттың 6 түрінен 139 спортшы (71 ер, 68 әйел) алып барады. Олар 50 медаль жиынтығына таласады. Биатлоннан - 10 спортшы, кёрлингтен – 12 спортшы, конькимен жүгіру спорты – 20 спортшы, мәнерлеп сырғанау – 4 спортшы, шорт-трек – 12 спортшы, шаңғы жарысы – 12 спортшы, шайбалы хоккей (ерлер) – 23 спортшы, шайбалы хоккей (әйелдер) – 23 спортшы, тау шаңғы спорты – 8 спортшы, фристайл-акробатика – 7 спортшы, шаңғы жарысы – 8 спортшы.
Жоғары нәтижеге қол жеткізетін әлеуетке ие спортшылар қатарында Әсет Дүйсенов, Александр Мухин, Вадим Куралес, Олжас Климин, Константин Борцов, Никита Гридин, Ксения Шалыгина, Абзал Әжғалиев, Денис Никиша, Яна Хан бар.
Жыл басында ойындардың эмблемасы мен талисманы таныстырылды. Бәсекенің бойтұмары - Сібір жолбарыстары Бинбин мен Нини. Эмблема қысқы спорттың бірегейлігі мен рухын көрсетсе, ал бойтұмар мәдени ұқсастық пен жергілікті мәдениеттен хабар береді.