Аймақ басшысы атқарылған жұмыстар мен алдағы уақытта қолға алынатын жобалар туралы баяндады.
«Бүгінгі күні облысымыздың бюджеті 744 млрд теңгеден асты. Осыдан екі жыл бұрын 364 млрд теңге болатын. Өсім 204,4 %-ды құрады. Бюджетіміздің 55,4%-ы әлеуметтік салаға бағытталған. Облыстың даму бюджеті соңғы 2 жылда 3,6 есе артты», – деді облыс әкімі.
Өңірде мұнай қорының сарқылуы салдарынан соңғы 10 жыл бойы төмендеу тенденциясын көрсетіп келген өнеркәсіп өндірісі соңғы жылдары оң динамикаға шықты. Өсім өңдеу өнеркәсібі есебінен қалыптасты. Өңдеу өнеркәсібі бойынша 2022 жылы республикада 11-орында болған өңір былтыр алдыңғы қатарға шықты.
Соңғы 3 жылда құны 30 млрд 300 млн теңге болатын 35 инвестициялық жоба іске қосылды. Мұнай өндіру саласының облыс экономикасында жоғары үлесі бар болғандықтан әлі де геологиялық зерттеу жүргізудің маңызы зор. Арал шөгінді бассейнінің «Шығыс» және «Батыс» учаскелеріндегі геологиялық зерделеу жұмыстары осы жылдың соңында аяқталады. Биыл Сырдария бассейінін зерттеу жұмыстары басталуда. Бұл жұмыстарға 6 млрд 300 млн теңге қаражат қарастырылған. Биыл республикалық бюджеттен Сырдария бассейнін зерттеу басталуда.
«ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының бастамасымен «Торғай Палеозой» кен орнында тереңдігі 5 мың 500 метр ұңғыманы бұрғылау басталып, қазір шамамен 3 мың 820 метрге жетті. «Саутс Ойл» компаниясы «Құмкөл» кен орнындағы қиын өндірілетін тақтатас мұнайын дәстүрлі емес тәсілмен өндіру үшін жобалауды бастап, келер жылы іске кірісуді жоспарлауда.
«2025 жылдан бастап «Қазгермұнай» компаниясындағы сұйытылған мұнай газын өңдеу өндірісінің жылдық қуаттылығын алдағы 10 жылда 120 мың тоннаға дейін арттыру бойынша Энергетика министрлігімен жұмыстар атқарылуда», – деді өңір әкімі.
Кәсіпкерлікті қолдауға соңғы 2 жылда әртүрлі көздерден 12 400 жобаға 127 млрд 500 млн теңге тартылды. Оның 25 млрд 100 млн теңгесі мемлекеттік бағдарламалар аясында қолдау тапты. Биыл барлық қаржы көзінен 63 млрд 523 млн теңгеге жеке кәсіпкерліктің 3761 жобасы қаржыландырылды. Нәтижесімен кәсіпкерліктің экономикадағы үлесін осы жылы 21%-ға жеткізу жоспарда бар.
«Ауыл аманаты» жобасы аясында былтыр 3 млрд теңгеге 406 жоба жүзеге асып, 713 жұмыс орны ашылды. Биыл бағдарлама аясында 4 млрд 600 млн теңгеге 575 жоба жүзеге асырылуда. Жоба аясында агробизнес өкілдері тарапынан ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр.