20.11.2024 _ 21:35

Президент Мажарстанның Мемлекеттік жиналыс Төрағасы Ласло Kёвермен кездесті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ласло Kёвермен әңгімелесу барысында өзінің Мажарстанға сапары екі елдің сан қырлы ынтымақтастығын жаңа белеске көтеретінін айтты.

Бұл орайда Президент екі елдің парламентаралық ықпалдастығы маңызды рөл атқаратынын ерекше атап өтті.

– Қазақстан мен Мажарстанның заң шығарушы органдары арасындағы қарым-қатынасты жандандыруды құптаймын. Бұл қос халықтың өзара түсіністігін нығайтуға ықпал етеді деп санаймын. Орайлы сәтті пайдалана отырып, Сізді Қазақстанға сапармен келуге шақырамын, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бағыттағы бірлескен іс-қимыл сауда-экономикалық әріптестікті кеңейтіп, мәдени-гуманитарлық байланысты тереңдетуге тың серпін беретініне сенім білдірді.

Мемлекет басшысы жоғары білім саласындағы қатынастарды арттыруға баса мән берді.

– Жаңа ғана Мажарстанның жетекші жоғары оқу орындарында білім алып жатқан қазақстандық студенттермен кездестім. Сіздің еліңізде оқитын және білім алуға ниетті жастарды әрдайым қолдаймыз. Бұл байланыстар елдеріміз арасындағы «алтын көпірге» айналады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз кезегінде Мажарстанның Мемлекеттік жиналысының Төрағасы парламентаралық ықпалдастықты дамытуға жан-жақты қолдау көрсеткені үшін Қазақстан Президентіне алғыс айтып, заң шығарушы органдардың ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға бар күш-жігерін жұмсайтынын жеткізді. Сонымен қатар екіжақты күн тәртібінің барлық бағыты бойынша стратегиялық серіктестікті тереңдету қажет екеніне назар аударды.

Кездесуде халықаралық аренадағы жағдай да талқыланды.

Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ласло Кёвер Мажарстан Парламентінің ғимаратын аралап көрді.