25.11.2024 _ 15:30

Адам көп жиналатын нысан иелерінің өрттерге қатысты жауапкершілігін сақтандыруды енгізу бойынша заңнамалық түзетулер әзірленуде

ОКҚ баспасөз конференциясында ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Мария Хаджиева алдағы алты айда аяқталатын бірқатар бастама туралы айтып берді.

Біріншіден, «Келешек» жобасы есебінен МБЖЖ жүйесін одан әрі кеңейту. Қазіргі уақытта Парламент Мәжілісінде МБЖЖ шартын 5 жастан асқан балалар үшін 60 АЕК мөлшерінде мемлекеттен бір реттік бастапқы капиталмен толықтыруға мүмкіндік беретін түзетулер қаралуда. Бұл қаражат балаларды оқыту үшін қаражат жинауға бағытталатын болады.  

Екіншіден, сақтандыру делдалдары комиссиясының мөлшерін реттеу арқылы тұтынушылардың құқықтарын қорғау. Қарыз алушыларға жүктемені төмендету шеңберінде заңнамалық деңгейде банк өнімдерінің талаптарынан туындайтын сақтандыру шарттары бойынша сақтандыру агентінің комиссиялық сыйақысының мөлшері 10%-дан аспайтын шектерде белгіленеді. Бұл тұтынушыға жүктемені айтарлықтай азайтады.   

Үшіншіден, сақтандырудың жүктелетін санаттарын одан әрі дамыту.  

«Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесіп, адамдар көп жиналатын нысан иелерінің өртке қатысты жауапкершілігін сақтандыруды енгізу бойынша заңнамалық түзетулер әзірленуде. Мұндай сақтандыру сауда орталықтарында және көлемі 2 мың шаршы метрден асатын адамдар жаппай жиналатын ірі нысандарда өрттен зардап шеккен азаматтарға келтірілген залалды өтеуді қамтамасыз етеді. Заң жобасы Парламент Мәжілісінің қарауында», – деп атап өтті спикер.   

Сонымен қатар апатты тәуекелдерден қорғау жүйесін құру бойынша жұмыстар жүргізілуде.  

Қазіргі уақытта Үкіметте ерікті мүліктік сақтандыруды ынталандыру жөніндегі ұсыныстар қаралып, азаматтардың жылжымайтын мүлкін дүлей зілзалаларға ұшыраған өңірлердегі апаттар қаупінен қорғау жөніндегі шаралар кешені әзірленуде.