27.11.2024 _ 10:36

4 млн астам адам жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналарымен қамтылған

2024 жылдың тоғыз айындағы жұмыс берушілер 4 млн 363,2 мың жұмыскердің пайдасына 170 млрд теңге сомасына міндетті зейнетақы жарналарын аударды, деп хабарлайды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда өз жұмыскерлерінің пайдасына өз қаражаты есебінен жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын кезең-кезеңімен, биыл 1,5%-дан 2028 жылға қарай 5%-ға дейін енгізу басталды.

Жұмыс берушілердің ЖМЗЖ аударуы жұмыскерлерді қартайған шағында өмір бойы қосымша жинақтаушы зейнетақы төлемімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Аталған шара қазақстандықтардың жас ұрпағын қолдауға бағытталған, олардың зейнетақы мөлшері олардың зейнетақы аударымдарына тікелей байланысты болады. Олардың зейнетақысы үш компоненттен құралады: мемлекеттен базалық зейнетақы, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы аударымдар есебінен – жинақтаушы жұмыс берушілердің жарналары есебінен – зейнетақы және шартты-жинақтаушы зейнетақы.

Жұмыс берушілер ЖМЗЖ 1975 жылғы 1 қаңтардан кейін туған адамдар үшін ғана төлейді .

ҚР Салық кодексіне сәйкес, ЖМЗЖ төлеу бойынша жұмыс берушінің шығыстары салық салынатын табыстан шегерімге жатқызылды. Тиісінше, жұмыс берушіге жүктеме қолайлы деңгейде қалады.