28.11.2024 _ 11:40

Түркістан облысының жалпы өңірлік өнім көлемі 4 трлн теңгеге жетті

Мемлекет басшысының тапсырмасымен Түркістан облысына инвестиция тарту бойынша нақты жұмыстар атқарылып жатыр. Өңір әкімі Дархан Сатыбалды ОКҚ көшпелі баспасөз конференциясында атап өткендей, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының 10 айында оң өсім бар. Өнеркәсіп өнім көлемі 8,8%-ға артып, 960 млрд теңгеден асты.

Экономиканың басты көрсеткіші болып табылатын жалпы өңірлік өнім көлемі алдын ала есеп бойынша 4 трлн теңгеге жетті. Қысқа мерзімді экономикалық өсім 110%-ды құрады.

«Қайта өңдеуге барынша басымдық берілуде. Есепті кезеңде өңдеу өнеркәсібінде 463 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 113%-ға артты. Өсім негізінен тау-кен, тамақ, жеңіл өнеркәсіп, машина жасау және жиһаз өндірістері есебінен орын алды. Ашық айтайын, өңірде негізгі өндіріс орындарын қалыптастыруға энергетика тапшылығының өз кедергісі бар. Сонымен қатар облыстағы индустриялды аймақтарға қолайлы жағдай жасау мақсатында, біз Үкіметке электр энергия бағасын төмендету бойынша ұсыныс енгіздік. Нәтижесінде қолдау тауып, бүгінгі таңда тариф бағасы индустриалды аймақтарда 47 теңгеден 25 теңгеге түсірілді», – деді өңір басшысы.        

Бұдан бөлек, энергетика тапшылығын шешу мақсатында 1,9 трлн теңгеге жалпы қуаты 2,7 ГВт құрайтын 7 ірі жоба жүзеге асырылуда. Сайрамда қуаты 1000 МВт станциясының құрылысы басталды және қосымша 300 МВт күн электр станциясының жобасы әзірленуде; Түлкібаста – 320 МВт, Кентауда 240 МВт газ турбина, Бәйдібекте 350 МВт жел электр станциялары салынады; Сауранда қуаты 300 МВт және 185 МВт болатын екі күн электр станциясының құжаттамасы дайындалуда. Осы жобалар толық жүзеге асқанда облыста жаңа өндіріс орындарына қажетті электр қуаты қамтамасыз етіледі.  

Өндірістер өңірдің дамуына серпін береді. Мәселен, жаңбырлатып суғару қондырғыларын шығаратын кәсіпорындар ашылды. Жиһаз, мұздатқыш және құрылыс заттарын шығаратын зауыттар қолданысқа берілді. Бұрын тек шетелден әкелінетін су үнемдеу технологиялары бүгінде Түркістанда шығарылуда. Жергілікті өнімдер басқа да облыстарға сатылуда.

«Президентіміздің «Адал адам- Адал еңбек - Адал табыс» бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Осы үштағанды озық әрі табысты елге айналдырудың басты кілті деуге болады» деген  қағидасының құндылығы да осында. Сондықтан біз облыста алғаш рет 100 гектар аумақтан «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасын ашқанымызды ерекше атап өткім келеді. Жоба аясында 308 млрд теңге инвестиция тартылып, 150 астам өндірістік ғимарат салынады. 6 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылады. Бүгінгі таңда 8 өндіріс іске қосылды», – деді спикер.