Оның айтуынша, нәтижесінде, мектептегі орын тапшылығы мен 4 апатты, 3 үш ауысымды мектептер мәселесі шешіледі. Биыл алғаш рет көптен бері жөндеу көрмеген 300-ден астам мектепті жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Бұл мақсатқа бюджетті үнемдей отырып, 12 млрд теңгеден астам қаржы бағытталды. 330 мектеп жоғары жылдамдықты Starlink спутниктік интернет технологиясымен қамтылды.
Өңірде «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында елді мекендерде 49 нысан салынып жатыр. Бұдан бөлек, 4 аурухана күрделі жөндеуден өтуде.
«Республикадағы көпбалалы отбасылардың төрттен бірі біздің облысымызға тиесілі. Еңбекке қабілетті жастардың үлесі мол. Сондықтан біз жұмыс орындарын ашу мәселесін назарда ұстап отырмыз. Жүйелі атқарған жұмыстың арқасында соңғы екі жылда атаулы әлеуметтік көмек алушылар санын 2 есеге дейін немесе 53%-ға төмендетуге қол жеткіздік. Яғни, 2022 жылы атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 198 мың адам болса, бүгінде 92,4 мың адамды құрап отыр. Жуырда Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісі Кэти Лич ханым Түркістанға келіп, шетелге жұмыс күштерін дайындайтын Арнайы орталықтың ашылуына қатысты. Бұл орталық Ұлыбритания және Оңтүстік Кореяда жұмыс істегісі келетін азаматтарды оқытып, дайындайды», – деді спикер.
Облыстың туристік әлеуеті де жыл сайын артып келеді. Өңірде туризм саласының 3 негізгі бағыты айқындалған: тарихи-танымдық, экологиялық және емдік-сауықтыру туризмі. Жыл басынан бері облысқа 400 мыңнан астам турист келді. Сонымен қатар тарихи орындарға 810 мың адам саяхаттаған. Туризм саласына жыл басынан бері 63 млрд теңге инвестиция бағытталды. Туристерге қосымша өнімдер және жаңа туристік бағдарламаларды ұсыну мақсатында ірі жобалар қолға алынды.
Түркістан қаласында 2,5 гектар аумақта «Қолөнер қалашығы» және 99 гектар жерге «Ипподром» салынуда. Жыл сайын елді мекендегі емдік-сауықтыру ұйымдарының саны өсуде. 2023-2027 жылдар аралығында 7,5 млрд теңге құрайтын 6 емдік-сауықтыру ұйымының құрылысы жүргізіледі.
Ауыл халқын қажетті инфрақұрылыммен қамту – басты міндеттің бірі. Облыста жалпы 2,1 млн тұрғын немесе 97,9%-ы ауыз сумен қамтылған. Биыл қосымша 30 елді мекен жаңадан ауыз су құбырына қосылып, 13 елді мекеннің тозған су жүйелері жаңартылады. Нәтижесінде халықты ауыз сумен қамту деңгейі 98,6%-ға жетеді.
«Табиғи газбен 1,8 млн адам қамтылып, жалпы қамту деңгейі 81,5%-ды құрайды. Екі жылда 187 мың тұрғын табиғи газға қосылды. Нәтижесінде, газбен қамтылған халықтың жалпы саны 1 млн 820 мыңға немесе 84,9%-ға жетеді. Ағымдағы жылы облыста 1161 шақырым жолға жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жыл қорытындысымен 560 шақырым пайдалануға беріліп, жолдардың нормативті үлесі 94%-ға жеткізілмек», – деді өңір басшысы.
Құрылғанына 90 жыл болған Кентау жылу орталығы 85%-ға тозған. Осыған орай, орталықты жанғырту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. 6 қазандыққа қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде, бүгінгі таңда 4 қазандыққа қайта құру жұмыстары толық аяқталып, штаттық режимде жұмыс істеуде, 2 қазандықта қайта құру жұмыстарын аяқтауды жоспарланған. Бұдан бөлек, 2 қазандық ағымдағы жөндеуден өтті. 6,6 шақырым магистралды жылу құбыры жаңартылды, 1 турбина және құрал-жабдықтар ағымдағы жөндеуден өткізілді. Қазіргі уақытта жылу желілеріндегі температура белгіленген нормативтен де жоғары беріліп жатыр.
Президент тапсырмасына сәйкес, «Таза Қазақстан» бағдарламасы белсенді жүзеге асырылуда.
Өңірде көгалдандыру және қоғамның экологиялық мәдениетін арттыру бойынша ауқымды іс-шаралар өтуде. Бүгінгі таңда 1,5 мыңға жуық сенбілік өткізіліп, 500 мыңнан астам ағаш көшеті егілді.