28.11.2024 _ 17:30

Қазақстанда қайта өңделген ескі газ баллондарын машина жасау саласында пайдалану жоспарда бар

Қазақстанда тұрмыстық газ баллондары өндірілмейді, олар жақын және алыс шет мемлекеттерден импортталады. Қолда бар өндірістік қуат пен құзыретті ескере отырып, «Қазақстан инжиниринг» АҚ еншілес «Тыныс» АҚ және «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ өндірістік және сервистік қызмет көрсетуді ұйымдастыруға қызығушылық танытып отыр. Бұл туралы ҚР ӨҚМ Қорғаныс өнеркәсіп кешені департаменті директорының орынбасары Асқар Тамаев ОКҚ алаңында хабарлады.

Оның айтуынша, бұл ұйымдар жылына 70 мыңға дейін тұрмыстық газ баллонын шығаруды қамтамасыз ете алады.  

«Өндірістік қуатты ұлғайту қажет болса, «Қазақстан инжиниринг» пен Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі тұрмыстық газ баллондарын шығаруға басқа кәсіпорындарды тарту мәселесін пысықтауға дайын. Сондай-ақ «Қазақстан инжиниринг» өз алаңдарында ескі газ баллондарын кәдеге жаратуды, кейін оны машина жасауға қажетті шикізат ретінде пайдалану үшін қайта өңдеуді ұйымдастыруға дайын», – деді спикер. 

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Қазақстан Республикасының аумағында тұрмыстық газ баллондарын шығару мен кәдеге жаратуды ұйымдастыру жөніндегі 2025-2028 жылдарға арналған іс-қимыл жоспарын бекіту туралы Үкімет қаулысының жобасын әзірледі. Құжат мемлекеттік органдардың қарауына жіберілді.