28.11.2024 _ 17:40

Табиғи газ тұтынушыларының жауапкершілігі: қауіпсіздік, техникалық қызмет көрсету және бұзушылықтар үшін салынатын айыппұлдар

«QazaqGaz Aimaq» республикалық маңызы бар 14 облыс пен 3 қалаға табиғи газ жеткізіп, 11 млн-нан астам адамды көгілдір отынмен қамтып отыр. Компанияның қарамағында 69 мың шақырымнан астам газ тарату жүйесі, 2, 5 млн астам абонент бар.  ОКҚ алаңында «QazaqGaz Aimaq» АҚ Бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Сәлім Нағым апаттардың негізгі себептерін атады.

«Табиғи газдан улану мен жарылыстардың едәуір бөлігі жылу құрылғыларын пайдалану кезінде зардап шеккендердің немқұрайлығы, мұржалардың сынып, тартылысының болмауынан туындайды. Сондай-ақ тұтынушылар газ қазандықтарын қосуды немесе тасымалдауды өздері жүзеге асырып, күмәнді немесе қолдан жасалған газ жабдықтарын қолданатын жағдайлар бар. Біз тұрмыста табиғи газды пайдаланумен байланысты оқиғаларды азайту мақсатында телевизия, әлеуметтік желілер, адамдар көп жиналатын орындар, ХҚКО арқылы халықты қауіпсіздік шараларын сақтау бойынша ақпараттандыру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз, ТЖ департаменттерімен бірлесіп тұтынушыларды аралаймыз», – деп атап өтті спикер. 

2024 жылдың 11 айында жергілікті арналар арқылы табиғи газды пайдалану қауіпсіздігі туралы бейнеролик 4,5 мыңнан астам рет көрсетілді. Ауруханалар, автобустар, ХҚКО сынды әлеуметтік орындарда 15 мың ротация жүргізілді. ТЖМ қолдауымен жылу беру маусымы басталғаннан бері 112 қысқа нөмірінен SMS хабарламалар жіберіледі. 

«Заңнамаға сәйкес, табиғи газ тұтынушылары газбен жабдықтау жүйелері объектілерінің иесі ретінде оны қауіпсіз пайдалану мен жарамдылықты қамтамасыз етуге міндетті екенін атап өткім келеді. Оның ішінде, атмосфераға шыққан газды бұруда басты рөл атқаратын мұржалар мен желдету арналары да бар. Заңның талабы бойынша тұтынушылар өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында жеке аттестатталған ұйыммен жыл сайын техникалық қызмет көрсету шартын жасасуға міндетті. Біз газ тарату ұйымы ретінде тауарлық газды көгілдір отынды тарату жүйесі арқылы тасымалдауды, сондай-ақ оны пайдалануды жүзеге асырамыз. Біз тек тұтынушының үйіне дейін көшеде тартылған желілер үшін ғана жауаптымыз. Тұтынушыларға газ беру жүйелерін қызмет көрсету шартын жасаспай пайдалануға тыйым салынады», – деп атап өтті спикер.  

Оның айтуынша, газ жеткізуші тұтынушыға газ беруді біржақты тәртіппен уақытша тоқтатып қоюға құқылы. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес тұтынушыларға қауіпсіздік талаптарын бұзғаны үшін айыппұл салу құзыреті жергілікті атқарушы органдарға жүктелген. Тұрмыстық тұтынушылар үшін 7 АЕК, кәсіпкерлік субъектілері үшін 10-20 АЕК мөлшерінде айыппұлдар белгіленді.