03.12.2024 _ 16:10

Атырау облысына 1,7 трлн теңге инвестиция тартылды

2024 жылдың бірінші жарты жылдығында Атырау облысының жалпы ішкі өнімнің көлемі 6,7 трлн теңгені құрады. Республиканың жалпы ішкі өніміндегі облыс экономикасының үлесі – 12,7%. 2024 жылдың 10 айында өңірге түскен салықтық және басқа түсімдер 3,6 трлн теңгеге жетті. Бұл туралы Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында хабарлады.

Оның айтуынша, қаңтар-қазан айларында өңірде негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 1,7 трлн теңгені құрады. Оның ішінде шетелдік тікелей инвестиция 1,1 млрд АҚШ долларға тең.  

«Баршаңызға белгілі, Теңіз кен орнында «Болашақ кеңейту» жобасы аяқталу сәтінде. Сол себепті жобаға тартылған инвестиция биыл 840 млрд теңгені құрады. Дегенмен, аймақта өзге салаларды дамытуға құйылған инвестиция көлемі жыл сайын артып келеді. 17 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Бүгінде оның жалпы құны 46,1 млрд теңгеден асатын 8 жоба іске қосылды. Жыл соңына дейін аймақта жалпы құны 24 млрд теңге болатын 9 инвестициялық жоба тапсырылатын болады», – деді облыс әкімі. 

Сондай-ақ еліміздің мұнай-газ химиясының дамуына серпін беретін полиэтилен өндіретін «Силлено», 1 млрд текше метр газ өңдеуі зауытын салу жұмысы іске асып жатыр. Алдағы уақытта синтетикалық каучук шығаратын шығаратын «Бутадиен» зауыты мен газ бөлу кешенінің құрылысы басталады.  

Сонымен қатар агроөнеркәсіптік кешенді дамытуда балық, егін және мал шаруашылығы салаларында бірқатар инвестициялық жоба іске асып жатыр.   

Өңірде шағын және орта бизнеске қолдау көрсетіліп жатыр. «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында 10 айда 41,6 млрд теңге бөлініп, 1000-ға жуық шағын әне орта бизнес субъектісі қолдау тауып, 500-ден астам жаңа жұмыс орны құрылды.  

Облыста агроөнеркәсіптік кешен қарқынды дамып келе жатыр. Құны 95,6 млрд теңге болатын ауыл шаруашылығы өнімі өндірілді. Келер жылы ұл көрсеткіш 127 млрд теңгеге дейін жетеді деген жоспар бар.   

«Биыл өңір шаруалары 10,3 мың га аумаққа егін егуді жоспарлаған еді. Өкінішке қарай, егінді жерлерді су басу салдарынан тек 5,3 мың га жерге егін егілді. Бірақ оған қарамастан өңірімізде биыл ірі қара малдың басы көбейіп келеді. Үй құстарының саны да 2 есеге өсті десек болады. Жалпы ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы саласын дамыту бағытында 3 инвестициялық жоба іске асуда. Ал, келесі жылы құны 26 млрд теңге болатын 4 жобаны іске асыру жоспарда», – деді спикер.  

Президенттің тапсырмасымен бастау алған «Ауыл аманаты» жобасы да жүйелі іске асуда. Бұл үшін бюджеттен 761 млн теңге қаралып, 83 жоба қолдау тапты.