03.12.2024 _ 16:30

Атырау өңірінде кәріз жүйелері және электр желілері жаңғыртылып жатыр

Атырау облысының Исатай ауданы Аққыстау ауылында кәріздік тазарту ғимаратының құрылысы жүріп жатыр. Құлсары қаласында кәріз сорғы станциялары күрделі жөндеуден өтуде. Одан бөлек, 1950 жылдардан бері жөндеу көрмеген кәріз желісі жаңғыртылуда. Бұл жайлы Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов ОКҚ брифингінде айтты.

Оның хабарлауынша, қазір 9 кәріз сорғы станциясы жаңартылып жатыр. Жыл соңына дейін бесеуіндегі жұмыс аяқталады. Оған қоса, 36 станцияны реконструкциялау үшін жобалық сметалық құжат дайындалуда.   

«Атыраудың өзінің бір ерекшелігі бар – жауын-шашын түскен кезде жерге сіңібеуі. Кәріз жүйесі белгілі бір деңгейде дамымаған. Жауын шашын кезінде тұрғындардың түсетін шағым көбейеді. Осы мәселені шешу үшін орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосу мақсатында 22 учаскеге жобалық сметалық құжат әзірленуде», – деді өңір әкімі.  

Жыл басынан бері өңірде ЭЧ-4 мекемесіне қарасты 160 шақырым электр желісі ауыстырылып, тұрақты жарық беріле бастады. Бұдан бөлек, 742 шақырым электр желісі жөнделді.  

Атыраудағы «Нұрсая» ықшам ауданының тұрғындарынан жарық жиі өшеді. Негізгі себеп – 16 жыл бұрын қолданысқа берілген тұрғын үйлердің электр кабелінің ескіруі. Бүгінде 20 шақырым жерасты электр желісін полиэтиленмен қапталған замануи кабельге ауыстырылды. Аталған жұмыстың нәтижесінде, жарық мәселесі бойынша түсетін шағым саны 4 есеге азайды.  

«Аймақ тұрғындарының газбен қамту көрсеткіші – 99,9 %. Ұзындығы 122 шақырым болатын газ желісі жүргізіліп, 6 елді мекеннің халқы көгілдір отынмен қамтылды. Магистральдық газ құбыры тармағын салу жұмысы жүріп жатыр. Нәтижесінде қала және қала маңындағы елді мекендерді, кәсіпкерлік субьектілерді тұрақты газбен қамтуға мүмкіндік береді. Аймақта 27,6 шақырым жылу желісі жөндеуден өтіп, 13 жылу бекетіне құрылғылар сатып алынды», – деді спикер. 

Облыста қоршаған ортаны қорғауға ерекше назар аударылып отыр. Биыл облыстық экология департаменті өңірдегі экологиялық заңнаманың сақталуын бақылау үшін 27 тексеру жүргізіліп, 149 әкімшілік іс қозғалды. Нәтижесінде 32 млрд теңге көлемінде айыппұл салынды.  

Атмосфералық ауаға тарайтын газдардың, басқа да зиянды мөлшерін азайту мақсатында Президент тапсырмасына сәйкес, аймақта ормандарды өсіру мен молайтуға елді мекендерді көгалдандыруға нақты жоспар бекітілді.  

Сонымен қатар, аймақта ауаға шығарылатын эмиссия көлемі де азайып келеді. Жылына 150 мың тонна қоқыс сұрыптайтын кешен іске қосылды. Одан сұрыпталған картон қағазды қайта өңдейтін цех жұмысын бастады.