05.12.2024 _ 11:50

Жамбыл облысының ауыл шаруашылығы саласына 24,6 млрд теңге субсидия бөлініп, 14,9 млрд теңге инвестиция тартылды

Жамбыл облысында ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 425 млрд теңгені құрады. Ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік алқабы  626,7 мың га құрады. Өңірде қант қызылшасынан басқа барлық дақылдар бойынша егін жинау науқаны аяқталды. 3,6 млн тонна өнім жиналды, оның ішінде 671,4 мың тонна дәнді масақ, 36,3 мың тонна майлы дақылдар, 1,2 млн тонна көкөніс дақылдары, 172 мың тонна картоп. Қант қызылшасы бойынша егін алқабының 84%-ы жиналды. Бүгінге 600 мың тонна өнім алынып, орташа өнімділігі 650 ц/га құрады. Жиналған өнім Меркі және Ақсу зауыттарына өткізілуде. Қант қызылшасын субсидиялауға желгілікті бюджеттен 3,4 млрд теңге бөлініп, жыл соңына дейін республикалық бюджеттен 5 млрд теңге көлемінде қаржыландыру күтілуде. Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев ОКҚ брифингінде осылай деді.

Оның айтуынша, биыл алғаш рет ауылшаруашылығы техникасының  лизингі бойынша бағдарлама іске асырылып, 3,2 млрд теңгеге жылдық 5%-бен 244 бірлік сатып алынды.  

«Сонымен қатар «Тараз» ӘКК арқылы жылдық  2,5%-бен 68 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы, 116 бірлік аспалы және тіркеме техникалары және 7 қызылша жинау комбайны сатып алынды. Нәтижесінде, ауылшаруашылығы техникасын жаңғырту деңгейі 8%-ды құрады. Мал шаруашылығында ұсақ мал - 3,8 млн басқа, ірі қара - 0,5 млн басқа, жылқы - 0,2 млн басқа, құс - 1,8 млн басқа дейін өсті»,-деді өңір әкімі. 

Ет өндірісі - 2,9%-ға, сүт - 1,2%-ға артты. 26,2 млн АҚШ долларына 134 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімі экспортталды. Жайылымдық жерлердің сапасы ерекше рөль атқарады. Ағымдағы жылдан бастап ФАО-мен бірлесіп 2028 жылға қарай 5 мың гектардан астам жерді қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Ағымдағы жылы құны 10,8 млрд теңгеге 163 жұмыс орнын құруды көздейтін 12 жоба іске асырылды. Жыл соңына дейін тағы 1 жобаны іске асыру жоспарлануда.  2025 жылы ет өндірісін 3,5%-ға, сүт өндіруді 1,6%-ға ұлғайту және 17 инвестициялық жобаны   49 млрд теңгеге іске асыру жоспарлануда.

Сонымен қатар Е.Қарашөкеев АӨК инвестициялық жобаларға тоқталып өтті. Мәселен, өңірде Солтүстік Қазақстан облысы тәжірибесін кеңейту аясында 1913 басқа арналған 4 тауарлы-сүт фермаларының құрылысы аяқталуда, олар 2025 жылы іске қосылмақ. Бұл сүт өндірісін жыл сайын 15 мың тоннадан астам немесе 6,5%-ға ұлғайтуға мүмкіндік береді. Тағы 5 заманауи көкөніс қоймасының құрылысы жүргізілуде, бұл қойма сыйымдылығын 10%-ға арттырып, маусымаралық кезеңде бағаны тұрақтандыруға ықпал етеді.  
Бұдан бөлек, жалпы 8,5 млрд теңгеге су үнемдеу технологиялары, тері мен жүнді өңдеу, алма шырынын, балалар пюресін, балық және үй жануарлары азығын, фри картобын өндіру бойынша жобаларды іске асыру жоспарда бар.  

Сонымен қатар 5 млрд теңгеге тракторлар мен ауылшаруашылығы техникасын құрастыру бойынша 2 жоба іске асырыла басталды, бұл фермерлерді қолжетімді ауыл шаруашылығы техникасымен қамтамасыз етуге және саладағы еңбек өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді. 

«Сондай-ақ өңірде қытайлық «Fufeng Group» компаниясымен бірлесіп, 173 млрд. теңгеге жылына 500 мың тонна жүгеріні терең өңдейтін еліміз үшін бірегей зауыт құрылысы бойынша жоба іске асырыла басталды. Күрделі аминқышқылдарының бүкіл әлемдік өндірісінің 60%-ы осы компанияның үлесіне тиесілі екенін атап өткім келеді. 2025 жылы агроөнеркәсіп кешені саласына  50 млрд теңге инвестиция тарту жоспарлануда»,-деді спикер.  

«Ауыл аманаты» жобасының аясында 2023-2024 жылдары 25,5 млрд теңгеге 38 ауылдық округте 4 мыңнан астам жоба қаржыландырылды. 152,2 мың бас мал сатып алынды. Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін шағын цехтарды, құрылыс, кондитерлік және тігін цехтарын ашуға бақытталған жобаларды қаржыландыру жоспарлануда. Несие 5 жылға жылдық 2,5%-бен жеке кәсіпкерге 9,2 млн теңгеге дейін, ал кооперативтерге - 29,5 млн теңгеге дейін беріледі. 2025 жылы шағын несиемен 1500 адамды қамтамасыз ету жоспарлануда. 

«Мемлекет Басшысының тапсырмасына сәйкес өңірде суармалы алқаптарды ұлғайту бойынша ауқымды іс-шаралар қабылданды. Атап айтқанда, 2019 жылдан бастап 6 ауданында халықаралық банктердің несиесі есебінен 36,3 млрд теңгеге 2 жоба іске асырылуда. 26,9 млрд теңгесі игеріліп, 608 шақырым 183 канал қайта жаңғыртылды. Нәтижесніде 47,5 мың га суармалы алқаптың сумен қамтылу деңгейі артты»,-деді өңір басшысы.  

Бұдан бөлек, суармалы суды тиімді пайдалану мақсатында 55,4 мың га егіс алқаптарына су үнемдеу технологиялары енгізілді. Су үнемдеу технологияларын қолдануды кеңейту аясында облыста 3 кәсіпорын іске қосылды.

 Келесі жылы Ислам даму банкінің несие қаражаты  есебінен 25,8 млрд теңгеге 3 су қоймасын құрылысы жоспарлануда, бұл 35 мың га егістік алқабын суармалы сумен қамтамасыз етуге және 77 канал қайта жаңғырту есебінен суармалы жерлердің ауданын тағы да 50 мың гектарға ұлғайтуға  мүмкіндік береді.