06.12.2024 _ 17:41

6 млн жуық турист: Қазақстанда ішкі туристер саны артты

Ресми статистикалық мәліметтерге сәйкес, биылғы қаңтар-қыркүйек аралығында 5 млн 973 мың қазақстандық ел ішінде саяхаттаған. Ішкі туристер саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 562 мың адамға артқан. 2023 жылы осы көрсеткіш 5,4 млн адамды құрады, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі.

Алматы, Астана қалалары мен Ақмола облысы ішкі туризм бағыттары арасында көш бастап тұр. Бұл аймақтар туристерді ерекше табиғатымен, дамыған инфрақұрылымымен және алуан түрлі туристік мүмкіндіктерімен тартып келеді.

«Ішкі туристер санының артуы қазақстандықтардың ел бойынша жиі саяхаттайтынын көрсетеді. Яғни, өз елін танып-білуге деген қызығушылығының артқанын байқауға болады. Ішкі туризмді әр азамат үшін қолжетімді, тартымды және жайлы етуге жұмыстар жасалуда. Осы мақсатта инфрақұрылымды дамытып, жаңа бастамаларды қолдап келеміз», – деді Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Кәріпбаев.