13.12.2024 _ 12:20

Алматы облысында қоғамдық қауіпсіздік мәселесіне баса назар аударылуда

Алматы өңірінде полиция қызметкерлерінің жұмыс сапасын арттыру мақсатында қаржыландыру көлемі жыл сайын өсіп келеді: 2022 жылы – 8,9 млрд теңге болса, биыл екі есе артып, 17,8 млрд теңгеге жетті. Материалдық-техникалық базасы кезең-кезеңімен нығайтылуда. Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев ОКҚ алаңындағы брифингте хабарлағандай, ағымдағы жылы 32 бірлік қызметтік автокөлік пен арнайы құралдар сатып алынды. Өткен жылы ғана тұрғын үймен біріктірілген полицияның 12 учаскелік пункті пайдалануға берілді, тағы 31-ін 2028 жылға дейін салу жоспарлануда. Полиция органдарындағы кадр тапшылығы 600-ден 200-ге дейін қысқартылды.

«Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде 9100 камера, 325 «Сергек» зияткерлік кешені, 10 мобильді кешен және 10 шағын-жедел басқару орталықтарын орнату бойынша жоба іске асырылуда. Қабылданған шаралардың арқасында полиция департаменті салған әкімшілік айыппұлдар өткен жылмен салыстырғанда 1,8 есеге өсіп, 9,2 млрд теңгені құрады. Алайда, өткен жылмен салыстырғанда жалпы қылмыстар саны артқанымен, ауыр қылмыстар 8,8%-ға азайды», – деді облыс әкімі. 

Кәмелетке толмағандар арасында 10 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталып, олардың жолы кесілді, нәтижесі бойынша қылмыстардың 11%-ға төмендеуі байқалды. 

Қоғамдық қауіпсіздіктің тағы бір бағыты – өрт қаупісіздігін қамтамасыз ету. Облыстың төтенше жағдайлар департаментінің бюджеті 2022 жылғы 800 млн теңгеден биыл 2,2 млрд теңгеге дейін немесе 2,7 есе ұлғайды. Облыс аумағында өрттен қорғау үшін 13 өрт сөндіру бөлімшесі жұмыс істейді. Жергілікті бюджет есебінен Райымбек ауданы Нарынқол ауылында модульдік өрт сөндіру депосы салынды. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде салынып жатқан «Қайрат» индустриялық аймағында модульдік депо аяқталу сатысында. Сондай-ақ ағымдағы жылы авариялық-құтқару автокөліктерін сатып алу үшін 1,3 млрд теңге бөлінді. 50 бірлік сиреналық-сөйлеу құрылғысы сатып алынды. 

Жылыту кезеңінде халықтың әлеуметтік осал топтарындағы 3,7 мың отбасы есепке алынды, 460 үйде улы газ датчигі орнатылды. Кешенді жұмыстардың нәтижесінде орман өрттерінің саны 37%-ға, орман өрттерінің аумағы 77%-ға, материалдық залал сомасы 82%-ға азайды.