13.12.2024 _ 15:50

Ақтөбе облысында жол сапасын жақсарту мақсатында 193 жоба жүзеге асырылмақ

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров ОКҚ алаңында өткен брифинг барысында өңірдің инфрақұрылымын дамыту тақырыбына тоқталып өтті. Мәселен, ағымдағы жылдың қорытындысы бойынша нормативтік жағдайдағы жергілікті маңызы бар автожолдардың үлесі 78%-ға жетті. Жергілікті маңызы бар жолдардың сапасын арттыруға биыл 64,5 млрд теңгеге 193 жобаны іске асыру көзделді. Жалпы, өңірде 500 шақырымнан астам жол жабындысы төселді. Облыс орталығы Ақтөбе қаласы назардан тыс қалмады. 200-ден астам көше немесе 47 шақырым жол нормативтік жағдайға келтіріліп жатыр.

«Ең өзекті мәселе – халықаралық деңгейдегі Самара-Шымкент автожолы, соның ішінде «Ақтөбе-Хромтау» бағытына тоқталғым келеді. Министрлікпен бірге үлкен жұмыс атқарып келеміз. Қазіргі таңда 2 учаскеде құрылыс-монтаж жұмыстарын бастадық. Жақын арада тендерлік конкурстар өткенде бірінші учаске басталатын болады. Жалпы, 4 жолақты болады», – деді өңір басшысы. 

Сонымен қатар «Қандыағаш – Ембі – Шалқар – Ырғыз»  республикалық автожолын орташа жөндеу жалғасуда. «Ақтөбе-Қандыағаш» автожолының құрылысы аяқталды.  

Өңірдің орнықты дамуының негізгі факторларының бірі – сумен жабдықтау.  

Биыл 2 мыңнан астам тұрғыны бар 7 ауыл сумен қамтамасыз етілді. Бұдан бөлек, ауылдарды одан әрі газбен қамтамасыз ету міндеті өзекті болып қала береді. Биыл 2 мыңға жуық халқы бар 5 ауылды газдандыру аяқталып, қамтамасыз ету үлесі 95,7%-ға дейін жетті. 

Сонымен қатар өңірдегі газ құбырларының жүктеме мәселесі шешілді. «Бұхара-Орал» газ құбырының үшінші желісін салу жобасы аяқталу сатысында. Бұл алдағы 50 жылда облыс орталығындағы газ тапшылығын шешуге толық мүмкіндік береді. 

Өңірдегі тағы бір маңызды міндет – халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бюджеттен 12,3 млрд теңгеге облыста 827 отбасы пәтермен қамтамасыз етілді. «Бақытты отбасы» және «Шаңырақ» бағдарламасы аясында 225 отбасы баспана алды. Оның ішінде, 118 отбасы әлеуметтік осал топтарға жатады.