13.12.2024 _ 16:00

Су тасқынынан зардап шеккен Ақтөбе өңірінің тұрғындары баспанамен қамтылды

Ақтөбе – көктемде су тасқыны болған өңірлердің бірі. Бұл ретте, Ақтөбе облысы бойынша су тасқыны салдарынан 4 мыңға жуық үй зардап шекті. Техникалық тексеру қорытындылары бойынша 1 013 үй апатты деп танылды. Аталған мәселені шешу мақсатында ірі бизнес өкілдерінің қаражаты есебінен жалпы сомасы 25 млрд теңгеге 500 үй салынып, 513 дайын үй сатып алынды. Сондай-ақ 3 мың тұрғын үйді жөндеуге және қалпына келтіруге 9,8 млрд теңгеге өтемақы берілді. Бұл туралы Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров ОКҚ алаңында хабарлады.

Мемлекет қолдауының арқасында бүгінгі күні 13 білім беру, 2 спорт және 1 денсаулық сақтау нысандарын жөндеуге және құрылысына, сондай-ақ, 47 шақырым автожолдарды, 23 көпірді және 22 гидротехникалық құрылыстарды қалпына келтіруге толық қаржы бөлінді. 

Өңір дамуындағы дәстүрлі маңызды бағыттар - білім және денсаулық сақтау салалары болып табылады.  

«Биыл 8 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Ал жыл соңына дейін тағы 2 мектеп құрылысын аяқтау жоспарда. Сондай-ақ алдағы жылдары да бұл жұмысты жалғастырамыз. 11,4 мың оқушыға арналған 14 жайлы мектеп құрылысын аяқтап, іске қосамыз», – деді облыс әкімі.  

Денсаулық сақтау саласында медициналық қызметтердің сапасын арттыру үшін «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында өңірде 29 жобаны іске асырылуда. Қазірдің өзінде 12 нысан пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 6 нысан іске қосылады.