19.12.2024 _ 12:00

Медициналық пойыздың бағытын әзірлеу кезінде су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға ерекше назар аударылды

«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызының негізгі міндеті - стационарлық медициналық пунктері жоқ аудандарда білікті медициналық көмек көрсету. Ол өңірдің қашықтығына қарамастан, елдің әрбір тұрғыны үшін сапалы медициналық қызметтерге тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл туралы ОКҚ алаңында «Әлеуметтік жобалардың қоры» корпоративтік қорының директоры Ербол Кеңгірбаев мәлімдеді.

Оның айтуынша, маршрутты құру кезінде су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға ерекше назар аударылды. Бұл тұрғындарға қиын кезеңде қажетті медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар кестені әзірлеу кезінде азаматтардың өтініштері мен мемлекеттік органдардың ұсыныстары ескерілді, бұл мұқтаж аудандардың барынша басым бөлігін қамтуға мүмкіндік берді. Мыңдаған тұрғын тегін кеңес, диагностика және ем алды.  

«Көптеген тұрғын үшін медициналық пойыз дәрігерлерден кеңес алып, заманауи жабдықтардың көмегімен диагностикалаудың жалғыз мүмкіндігі болды. Биыл пойыз қосымша рентген аппаратымен, маммографпен, электроэнцефалографпен (ЭЭГ), сигмоидоскоппен және кольпоскоппен жабдықталған. Бұл инновациялар көрсетілетін қызметтердің ауқымы мен сапасын едәуір кеңейтті, бұл әсіресе аурулардың алдын алу және ерте анықтау үшін маңызды», – деп атап өтті спикер.

«Әлеуметтік жобалардың қоры» корпоративтік қоры пойыздың жұмысын ұйымдастырып, оған техникалық қызмет көрсетуді, жөндеуді, жанармай құюды, жабдықтар мен персоналды күзетуді, сондай-ақ медицина қызметкерлері мен пойыз бригадасын тамақтандыруды қамтамасыз етті. 8 ай ішінде пойыз 140 станцияға барып, 21 мың шақырымнан астам жол жүрді.