Экономикалық өсу мен инвестицияларды тартудың маңызды нүктелерінің бірі – Қорғас торабы мен «Достық» станциясы. Қытаймен шектесетін бұл аймақтардың көлік-транзиттік әлеуеті зор. Сондықтан инвестицияларды тарту, жүк ағыны мен транзитті ұлғайту, өткізу пункттерін жаңғырту бойынша тұрақты жұмыс жүргізілуде. Мәселен, «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА және «Қорғас» ХШЫО аумағында 2 мыңнан астам жұмыс орнын құра отырып, 27 жоба іске асырылды. 2027 жылдың соңына дейін 9 мыңнан астам жұмыс орнын құрумен 1,1 трлн теңгеге 79 жобаны іске асыру жоспарлануда.
«Оның ішінде «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА - «SKYHANSA» ЖШС-де жүк-жолаушылар әуежайын салу бойынша қазақстандық-германдық бірлескен жоба іске асырылуда. «Достық» станциясында қуаттылығы жылына 350 мың контейнер болатын «Dostyk Trans Terminal» көпфункционалды жүк тасымалдау терминалының үшінші және төртінші кезеңінің құрылысы жүргізілуде. Осы жылдың қаңтар айында станцияда тәулігіне 200 автомобил өткізу қабілеті бар жаңа «Dostyk Customs Service» уақытша сақтау терминалы ашылды», – деді әкім.
«Үшарал-Достық» жолын реконструкциялаудың аяқталуымен халықаралық жүк айналымы ұлғайды және кеден пунктерін кеңейту қажеттілігі туындады. Мәселен, «Алакөл» автомобиль өткізу пунктін екі жолдан алты жолаққа дейін кеңейту аяқталуда, өткізу қабілеті тәулігіне 200-ден 1,6 мың көлік құралына дейін ұлғаяды. Сондай-ақ, «Достық-Мойынты» темір жолының құрылысы жүргізілуде. Жобаны келесі жылы аяқтау жоспарлануда, бұл «Достық» станциясының өткізу қабілетін 5 есеге арттыруға мүмкіндік береді.