Сондай-ақ облыста демеушілер есебінен 560 пәтерлік 9 үй салынуда. Жалпы биыл 2 708 пәтер салынды және сатып алынды.
Өңірдің жол желісін дамыту үшін облыстық маңызы бар 193 шақырым жол мен 54 елді мекеннің ішкі көшелері жөндеу жұмыстарымен қамтылды. Бұл жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті жолдардың үлесін 94%-ға дейін арттыруға мүмкіндік берді.
«Орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету деңгейі 93%-ға жетті. Қазіргі уақытта газдандыруға жататын 192 елді мекеннің 63-і газдандырылды, тағы 22 жоба келер жылы аяқталады, газдандыру деңгейі 56,5%-ға жетті. Келесі жылы тағы 42 нысанның құрылысы басталады. Мәселен, 2025 жылдың соңына қарай Кербұлақ ауданынан Талдықорғанға дейінгі 126 елді мекеннің барлығы газдандырылады. Нәтижесінде газға бес жүз мыңнан астам тұрғын немесе жалпы халықтың 71,4%-ы қол жеткізеді», – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ 19 тамызда «Талдықорған-Үшарал» магистралды газ құбырының құрылысы басталды. Жоба келесі жылы аяқталады деп күтілуде. Сонымен қатар Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарының 66 елді мекеніне газ желілерін тарту жобасы әзірленуде.