Нұрдәулет Қилыбайдың айтуынша, бүгінде қаланың төменгі 6 шағын ауданында 60 шақырым су құбыры мен кәріз желілерін жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде тозу деңгейі 82%-дан 73%-ға төмендейді.
«Өңірде тұрақты жылумен қамту мәселесі де өзекті. Облыстағы 790 шақырымды құрайтын жылу желілерінің 60%-ның тозығы жеткен. Оның басым бөлігі Ақтау қаласында. Мәселені шешу мақсатында 2024-2026 жылдары «МАЭК» мекемесіне тиісті 22 шақырым магистралдық жылу құбырын жаңарту үшін жоба жасақталып, биыл оның тең жартысы жаңартылды», – деді өңір басшысы.
Өңірді ауыз сумен қамту мәселесі әлі де өзекті. Оны кезең-кезеңімен шешу үшін 2025 жылға дейін қуаты 140,5 мың текше метрді құрайтын 10 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Оның ішінде «Каспий» су тұщыту зауытының қуатын 40 мың текше метрге дейін жеткізу жобасы мен Ақтау қаласында тәулігіне 7 000 текше метр су тұщытатын зауыттың 1-кезеңі аяқталуда.
«Қалған 7 жоба келер жылы іске асырылады. Бұл жұмыстар Мемлекет басшысының жіті бақылауында тұр», – деді спикер.