20.12.2024 _ 12:30

Әлеуметтік және көлік нысандары, қонақ үй кешендері – Маңғыстау облысының әкімі өңірді дамыту жоспарын таныстырды

2027 жылға дейін Маңғыстау облысында туристік кластерді дамытуға бағытталған 167 млрд теңгенің 14 ірі жобасы іске асыру жоспарланды. Бозжыра мен Айрақтыда әрқайсысы 150 орындық қонақүй кешені бой көтеріп, Каспий жағалауында 500 адамға дейін демалатын сауықтыру кешені мен балалар сауықтыру лагерлерін салу да көзделген. Бұл туралы өңір әкімі Нұрдәулет Қилыбай ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында хабарлады.
Фото: anatili.kazgazeta.kz

«Ақтау» халықаралық әуежайынан ұшатын ішкі және халықаралық әуе рейстері 28 бағытқа дейін артады деп күтілуде. Кендірліде жаңа әуежай салынады.  

«Маңғыстау» теміржол вокзалы қайта жаңғыртылып,  нәтижесінде тәулігіне 2,5 мың жолаушыны қабылдайтын болады. Алдағы 5 жылда Маңғыстаудан қатынайтын жолаушылар пойыздарының 250 вагоны жаңарып, Құрық портында паромдық паркі құрылады деп жоспарлануда», – деді әкім.   

Ақтау мен Жаңаөзен қаласында озық үлгідегі жаңа драма театрлары салынбақ. Дарынды балаларға арналған спорт мектеп интернатының құрылысын жүргізу де даму жоспарына енгізілді. Бұған дейін Маңғыстау спорт мектеп интернаты жоқ бірден бір өңір еді. Бұл орталық болашақ чемпиондарды дайындайды деген сенім бар. 

Ақтауды Баку мен Дубай қалаларының үлгісі бойынша дамыту үшін бас жоспарға өзгеріс енгізілді. Жоспарға сай қалада 10 мың орындық стадион, теңіз вокзалы, «Әуенді домбыра» сәулет құрылысы мен жаңа жағажай сынды нысандар бой көтереді.