27.12.2024 _ 15:00

Әлеуметтік көмек тетігін жетілдіру: түзетулер Үкіметтің қарауына енгізілді

Биыл 7 ақпанда Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы шынайы мұқтаж азаматтардың жиынтық кірістері мен шығындарын ескере отырып, халыққа әлеуметтік көмек көрсету тетігін жетілдіру жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды. Осы тапсырманы орындау үшін ҚР Әлеуметтік кодексіне түзетулер әзірленді, олар Үкіметтің қарауына жіберілді. ЕХӘҚМ Вице-министрі Олжас Анафин ОКҚ алаңында новеллалар туралы айтып берді.

АӘК тағайындау кезінде азаматтардың шығындарының мынадай түрлерін ескеру ұсынылады: тұрғын үйді және (немесе) жеңіл автокөлікті меншікке сатып алу; айына отбасының әрбір мүшесіне бір ең төменгі күнкөріс деңгейінен жоғары мөлшердегі ипотекалық қарызды қоспағанда, банктік қарыздарды және (немесе) микрокредиттерді ресімдеу; жиынтығында адамның (отбасының) банктік шоттары бойынша жиынтығынан асатын шығын операцияларының болуы айына отбасының әрбір мүшесіне кедейлік шегі; ипотекалық депозитті қоспағанда, бір отбасына 200 АЕК-тен астам мөлшерінде жинақ салымының, депозиттің болуы.  

«2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап АӘК-ке үміткер адамдардың келісімін ала отырып, азаматтардың шығынтарын есепке алу тетігін сынақтан өткізу жөніндегі пилоттық жобаны іске қосу жоспарлануда. Өтініш беруші АӘК алу үшін уәкілетті органға жүгініп, пилоттық жобаға қатысуға өтініш береді. Осыдан кейін өтініш берушінің отбасы құрамына кіретін барлық кәмелетке толған тұлғаларға 1414 нөмірінен sms-хабарлама жіберіледі, оған олар келісім беруі тиіс», – деді Олжас Анафин.  

Қаражат қозғалысы туралы ақпаратты жинау өтініш берушіден және оның отбасы мүшелерінен мемлекеттік органдар мен екінші деңгейдегі банктердің ақпараттық жүйелері арқылы жиынтық түрде келісім алғаннан кейін ғана жүзеге асырылады.