15.01.2025 _ 16:56

Қазақстанда су шаруашылығы нысандарын дамыту бойынша 137 жоба іске асырылуда

ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі 2024 жылы еліміздің су шаруашылығы нысандарын дамыту бойынша 137 жобаны іске асыра бастады. Сондай-ақ, 201 жоба бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.

Атап айтқанда, 700 мың гектардан астам суармалы жерді қалпына келтіру және жақсарту, сондай-ақ жалпы ұзындығы 7000 шақырым канал салу және реконструкциялау жұмысы жүргізілуде.

«Бұл жұмыстар Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасына және Су саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарына сай жүргізілуде. Бұдан бөлек, аталған құжаттарда өнімсіз шығындарды азайту және қосымша су көлемін жинау бойынша да көптеген іс-шаралар қарастырылған. Мысалы, 2024 жылы Ақтөбе су қоймасын реконструкциялау жұмыстары аяқталды. Түркістан облысындағы Бәйдібек-ата және Қарақуыс су қоймаларының құрылысы, сондай-ақ Қапшағай және Киров су қоймаларын реконструкциялау басталды», – деді ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитеті төрағасының орынбасары Гүлмира Имашева.