16.01.2025 _ 10:17

2024 жылы жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен 680 мыңнан аса адам қамтылды

2024 жылдың қорытындысы бойынша жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына 683,7 мың қазақстандық қатысты. 546,9 мың адам жұмыспен қамтылды, оның 358,8 мыңы тұрақты жұмысқа орналасты, деп хабарлайды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Субсидияланатын жұмыс орындарына 188,2 мың адам орналастырылды. Оның ішінде әлеуметтік жұмыс орындарында 15,5 мың адам, жастар практикасында 33,3 мың адам, қоғамдық жұмыстарда 110 мың адам, «Алғашқы жұмыс орны» жобасы аясында 9,6 мың адам, «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы аясында 420 адам, «Күміс жас» жобасы аясында 19,2 мың адам жұмыспен қамтылды.

Еңбек нарығында сұранысқа ие дағдылар бойынша онлайн оқытумен 57,7 мың жұмыссыз қамтылды, оның ішінде 52,4 мыңы оқуды аяқтады.

Сондай-ақ, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытумен 60,3 мың адам қамтылды, оның ішінде 37,8 мың адам оқуды аяқтап, сертификаттар алды.

Қызмет саласын таңдау мақсатында 214,9 мың адам әлеуметтік кәсіптік бағдарлаудан өтті.

Бұдан басқа, жаңа бизнес-бастамаларды іске асыру үшін 2024 жылы халықтың әлеуметтік осал санаттарына 400 АЕК дейінгі (1 476 800 теңге) мөлшерде 8 941 грант берілді.