20.01.2025 _ 11:40

Қысқы кезеңдегі негізгі қауіп-қатерлер: жауапты қызметтердің халықты қорғауға бағытталған іс-әрекеттері

Жыл сайын қыста азаматтық қорғау жүйесінің жүктемесі артады: бұл уақытта ауа райының бұзылуы мен кептелістерге байланысты төтенше жағдайлар саны күрт артады. Осы қауіп-қатерлердің алдын алу мақсатында министрлік жедел ден қою және тәуекелдерді азайтуға бағытталған қысқа дайындық шараларын әзірлеп, іске асырды. Олардың көбі алдын ала жүзеге асырылады. Бұл туралы ОКҚ баспасөз конференциясында ҚР ТЖМ Төтенше жағдайларды жою департаменті бастығының орынбасары Аслан Уакишев мәлімдеді.

Мәселен, азаматтық қорғау қызметтерінің басқару органдары, күштері мен құралдарының қысқы кезеңдегі ТЖ-ға ден қоюға дайындығын бағалау мақсатында 2024 жылдың қараша айында Ақмола облысы Көкшетау қаласындағы басшылық штабының қатысуымен «Қыс-2024» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өткізілді. 

«Өткен жылдары болған төтенше жағдайларды талдауға сүйене отырып, сумен жабдықтау, жылыту, энергиямен жабдықтау жүйелеріндегі ықтимал апаттар мен автожолдардағы кептелістерге қарсы іс-қимылдарды пысықтауға баса назар аударылды. Өңірлердегі жедел топтар жергілікті климаттық ерекшеліктерді ескере отырып, жұмысын бастады. Оқу-жаттығу шеңберінде қысқы кезеңдегі төтенше жағдайларды жою жөніндегі іс-қимылдарды пысықтауға бағытталған барлық мүдделі қызмет пен ұйымдарды тарта отырып, 457 тактикалық-арнайы оқу-жаттығу өткізілді», – деп баяндады құтқарушы. 

Оқу-жаттығуға 12 мың адам және 4 мыңнан астам техника, оның ішінде 5 әуе кемесі қатысты. Зардап шеккен халық үшін 49 мың адамға арналған 846 жылыту пункті, сондай-ақ 32 далалық басқару пункті ашылды.