22.01.2025 _ 14:50

Елімізде 1500 гидротехникалық құрылыс тексерістен өткізілді

Қазақстанда тасқын суды қауіпсіз өткізу үшін гидротехникалық құрылыстарды тексеру жүргізіліп жатыр. Барлық су қоймалары тасқын суын қабылдап, қауіпсіз өткізуге дайындалуда. Министрліктің бассейндік инспекциялары еліміз бойынша 1500 гидротехникалық құрылысқа зерттеу жүргізді. Нәтижесінде барлық анықталған кемшіліктер жойылды. Сондай-ақ 105 гидроқұрылысқа көп факторлы зерттеу жүргізілуде, бұл өткен жылға қарағанда 20 нысанға артық. Бұл жайлы Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиева ОКҚ алаңында айтты.
Елімізде 1500 гидротехникалық құрылыс тексерістен өткізілді

Оның хабарлауынша, министрлік пен әкімдіктер арнайы Жол картасын бекітті. Құжатта 10 облыста 51 өзен учаскесі мен 1 көл анықталды. Тазартылатын учаскелердің жалпы ұзындығы 814 шақырымды құрайды. Бұл мәселе төңірегінде шет мемлекеттермен де келіссөздер жүріп жатыр. 

«Су дипломатиясы су тасқыны кезінде де, суару маусымы кезінде де маңызды. Қазір ол жоғары деңгейде деп айта аламыз және көрші елдермен келіссөздер бойынша қиындықтар жоқ. Су тасқыны кезеңін өткізу бойынша Қазақстан-Ресей бірлескен жұмыс тобы құрылды. Қазір жұмыс тобының құрамы, ережесі және 2025 жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді. Яғни, Қазақстан мен Ресей су тасқыны кезеңінде ақпарат алмасуға келісті», – деді спикер. 

Қытаймен де су тасқыны кезіндегі жұмыс екі жақты келісім арқылы жүзеге асады. Қырғызстанмен жүргізілген келіссөздер барысында Қазақстан Талас өзені арқылы су беру көлемін ұлғайту туралы келісімге келді. Бұл Киров су қоймасынан су жіберуді реттеу және су тасқыны кезеңінде апаттың алдын алу мақсатында жасалады. Шет мемлекеттермен де тәжірибе алмасу белсенді жүріп жатыр. Мәселен, Жапония мамандары Қазақстанның 4 облысындағы 13 гидротехникалық құрылысты тексерді. Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Дельфт Су білім беру институты арасында меморандум жасалды.