17.03.2025 _ 14:40

Тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі жұмысқа қоғам өкілдерінің қатысуы артты

15 наурызда Дүниежүзілік тұтынушылардың құқықтарын қорғау күні атап өтілді. Осы күнді мерекелеу аясында ҚР Сауда және интеграция министрлігі форум ұйымдастырып, осы тақырып аясында маңызды мәселелер қаралды. Бұл – тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы заңнамалық бастамалар, электрондық коммерция және белсенді цифрлық трансформация жағдайында тұтынушылардың құқықтарын қорғау, мемлекет, бизнес және қоғамдық ұйымдардың әділ және қауіпсіз тұтыну нарығын қалыптастырудағы рөлі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында ҚР СИМ Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Асқар Тынысбеков мәлімдеді.
Тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі жұмысқа қоғам өкілдерінің қатысуы артты

Спикер форумға Мәжіліс депутаттары, Тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі Еуразиялық экономикалық комиссияның өкілдері, орталық мемлекеттік органдар, қоғамдық бірлестіктер мен бизнес өкілдері белсенді қатысқанын атап өтті.

«Форум нәтижелері бойынша тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың тиімді жүйесін қалыптастыру бойынша ұсыныстар қабылданды, арасында заң жобасы бойынша жұмыс тобының қарауына жіберілетін ұсыныстар бар», – деді Асқар Тынысбеков. 

Комитет басшысы 2024 жылы қоғамдық бірлестіктердің тұтынушылар құқықтарын қорғау жөніндегі жұмысқа қатысуы артқанын, мемлекеттік тапсырыстар сомасы едәуір ұлғайғанын және олардың тақырыбы кеңейгенін айтты. Халықтың саладағы мемлекеттік реттеуге қанағаттану деңгейі 70%-дан асты.

Қазіргі уақытта Парламент Мәжілісінде «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заң жобасының жаңа редакциясы қаралуда. Бұл заң жобасы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, азаматтардың өтініштерін талдау және мониторинг жүргізу, қоғамдық институттардың ұсыныстары және әлеуметтік зерттеу деректерінің нәтижелерін ескере отырып әзірленді.