17.03.2025 _ 17:30

ТЖМ өкілдері азаматтарға өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауды ескертті

Биыл Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілдері автономды жылыту жүйелері бар тұрғын үйлерге профилактикалық жұмыстар жүргізді. Азаматтардың өтініштері бойынша пештер, мұржалар, электр сымдары мен электр құралдарының, сондай-ақ өрт датчиктерінің жай-күйі тексеріліп жатыр. Сондай-ақ өрт қауіпсіздігі шаралары туралы ақпарат алу үшін QR-кодтар пайдаланылады. Бұл жайында ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының міндетін атқарушы Ерлан Төрегелдиев ОКҚ алаңында айтты.
ТЖМ өкілдері азаматтарға өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауды ескертті

Оның хабарлауынша, адамдар көп жиналатын орындарында LED-экрандар арқылы профилактикалық бейнероликтер көрсетіледі. Халықты жаппай қамту мақсатында өрт қауіпсіздігі туралы ақпарат тұрғын үйлер мен ата-аналар чаттарына жіберіледі.

Төтенше жағдайлар министрлігі өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараны қабылдап, азаматтарды осы кезеңде қарапайым өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға шақырады. 

«Газ баллондары мен жанғыш материалдарды жылыту құралдарына жақын қоймаңыздар. Пешті қатты қыздырмай, мұржаларды жиі тазалаңыздар.  Кішкентай балалардың отпен ойнауына жол бермеңіздер. Электр құралдарының жарамды болуын қадағалаңыздар. Бір мезгілде жоғары қуатты бірнеше құралды қоспаңыздар. Осы қарапайым ережелерді сақтау халықты қайғылы жағдайдан сақтайды», – деп ескертті спикер.