16.04.2025 _ 14:40

Өткен қыста ЖЭО-дағы температуралық кестедегі бұзушылықтар саны 3 есеге азайды

Еліміздің 20 өңірінің 12-де жылыту механизмдері тоқтатылды. Ауа райына байланысты оңтүстік, шығыс аймақтарда жылыту маусымы аяқталды. Кесте бойынша осы айдың аяғына дейін солтүстік өңірлерде жылу беру өз мәресіне жетеді. Жылыту маусымының қорытындылары туралы ҚР энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов ОКҚ алаңында хабарлады.
Өткен қыста ЖЭО-дағы температуралық кестедегі бұзушылықтар саны 3 есеге азайды

Оның айтуынша, жөндеу жұмыстары ел бойынша ЖЭО орташа тозуын 61%- ға дейін төмендетуге мүмкіндік берді. Жылу желілерінің тозуы 54-тен 52%-ға дейін төмендеді. 

«Бірақ бұл орташа көрсеткіш болғандықтан, мысал ретінде айтсақ, соңғы 2-3 жылда көп айтылып келе жатқан Риддер, Екібастұз қалаларының жылу орталықтарында күрделі жөндеу жұмыстары негізінде осы жылу орталықтарының тозуы 45-50%-ға дейін түсті. Жалпы, технологиялық бұзушылықтарға келетін болсақ, ол – болып тұратын жағдай. Резервтік құралдар болатындықтан, осы мәселе бақылауға алынды. ЖЭО-да технологиялық бұзушылықтар 27%-ға азайды», – деді спикер.

Бұған дейін 37 жылу орталығы «қызыл», «сары» және «жасыл» аймақтарға бөлінген болатын. Өткен 2 жылдағы жөндеу жұмыстарының арқасында «қызыл» аймақтағы жылу орталығының саны 10-ға дейін азайды. «Сары» аймақтан «жасыл» аймаққа 3 жылу орталығы өтті. 

Сондай-ақ вице-министр температуралық кестеге тоқталып өтті. Оның айтуынша, биыл кестедегі бұзушылықтар 3 есеге азайды. Өткен қысқы жылыту маусымында осындай 65 дерек қана тіркелді. Оның басым бөлігі қазан айында жылыту маусымы басталып, гидравликалық режимдер жөнделген кезде болды. Ал, қалған айларда температуралық кесте сақталды.