25.08.2025 _ 15:00

ҚР Энергетика министрлігі: Жалпы қуаты 7,3 ГВт электр станцияларын салу және жаңғырту жоспарлануда

Энергия өндіру саласындағы Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде жалпы қуаттылығы шамамен 7,3 ГВт болатын 29 жобаны енгізу жоспарда бар. Жаңа энергия объектілерін жаңғырту және салу саласына инвестициялар көлемі 6,3 трлн теңгеден асады. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында ҚР Энергетика министрлігінің Электр энергетикасын дамыту департаментінің директоры Асылжан Мусин мәлімдеді.

Спикер 29 жобаның 14-і жұмыс істеп тұрған электр станцияларын жаңғыртуға, ал 15-і жаңа қуаттарды іске қосуға бағытталғанын хабарлады. 

«Бірқатар маңызды жоба бар. Мысалы, Алматы қаласы үшін Алматы ЖЭО-2 және ЖЭО-3 газға көшіру бойынша маңызды әлеуметтік әсері бар жобаны атап өтуге болады. Бұл жылумен және электрмен жабдықтаудың сенімді жұмысын қамтамасыз етіп қана қоймай, қаладағы экологиялық жағдайды жақсартады», – деп атап өтті Асылжан Мусин.

Сонымен қатар Энергетика министрлігінің өкілі генерация секторы бойынша жобаларды іске асыру бюджет қаражаты есебінен субсидиялар тартпай-ақ электр қуаты нарығының қолданыстағы тетіктері шеңберінде жүзеге асырылатынын атап өтті. 

«2029 жылға қарай 29 жаңа жобаны енгізу жоспарлануда, бұл электр станцияларының орташа тозуын 17%-ға төмендетуге мүмкіндік береді. Жоғарыда аталған жобаларды іске асыру белгіленген электр қуатын ұлғайтуға және ел экономикасы мен халқын сенімді электрмен жабдықтауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деді спикер.