24.09.2025 _ 14:40

Жылыту маусымына дайындық кестеге сай жүргізіліп жатыр

Елімізде күзгі-қысқы кезеңге дайындық жұмыстары аяқталуға жақын. Мәселен, Павлодар облысында жылыту маусымы басталды. Осы аптада Солтүстік Қазақстан, Қарағанды және Ақмола облыстарында да жылыту маусымының басталуы күтілуде. Қалған өңірлерде жылыту маусымы белгіленген мерзімде басталады. Бұл туралы ҚР ЭМ Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің төрағасы Ержан Ертаев ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында хабарлады.

Оның айтуынша, алдағы жылыту маусымына дайындық шеңберінде жүйелік оператор бекіткен кестеге сәйкес ағымдағы жылы электр станцияларында 10 энергоблокты, 63 қазандықты және 39 турбинаны жөндеу жоспарланған. Қазіргі таңда 6 энергоблокта, 29 қазандықта және 16 турбинада жөндеу жұмыстары аяқталып, бүгінде кестеге сәйкес 4 энергоблокта, 31 қазандықта және 20 турбинада жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

«Электр желілері бойынша 17 мың шақырым желіні және 420 қосалқы станцияны жөндеу жоспарланған. Қазіргі уақытта 16 мың шақырым желі мен 373 қосалқы станцияларына жөндеу жұмысы толығымен аяқталды. Барлық жұмыс бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде. Сонымен қатар Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің аумақтық департаменттері апта сайын кәсіпорындарға барып, жұмыс барысын бақылауда ұстап отыр», – деді спикер.

«Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы шеңберінде 2025 жылы жөндеу науқанына 396 млрд теңге бөлінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 18%-ға артық. Қаражат бөлу нәтижесінде жөндеу және реконструкция мөлшері көбейіп, бірқатар оң нәтижеге қол жеткізілді. Олар: өткен жылыту маусымындағы бұзушылықтар саны 27%-ға қысқарып, 8 айда бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 12%-ға төмендеді; электр энергиясын өндіру көлемі 4%-ға артып, 88 млрд кВт/сағатты құрады; энергия көздеріндегі температуралық режимнің сақталмауы 3 есе азайды; тоғыз жылу электр орталығы – «қызыл» аймақтан «сары» аймаққа, ал тағы үшеуі – «сарыдан» «жасыл» аймаққа өтті. Бұл бағыттағы жұмыс әрі қарай жалғасуда.