26.09.2025 _ 14:50

Колледждер және бизнес құрылымдарының ынтымақтастығы кеңейіп жатыр

Ел колледждерінде білім беру бағдарламалары жаңартылуда. Бүгінде кәсіпорындардың қатысуымен барлық мамандық бойынша 11 мың білім беру бағдарламасы әзірленіп, реестрге енгізілді. Биыл бұл жүйе Career Enbek порталымен интеграцияланып, білім беру бағдарламаларының кәсіби стандарттарға сәйкестігін тексеру мүмкіндігі пайда болды. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Әсет Мұханбетов ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында хабарлады.

Оның айтуынша, реестрде 2026–2027 жылдары жасанды интеллект арқылы «интелектуалды конструкторды» іске қосу жоспарланып отыр. Ол Мемлекеттік жалпыға білім беру стандартына (МЖМБС), кәсіби стандарттар және еңбек нарығы талаптарына сәйкес білім беру бағдарламаларын автоматтандырылған режимде жобалауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ колледждер және бизнес құрылымдары арасында ынтымақтастық кеңеюде.

«Жаңа оқу жылында 130 мыңға жуық  білім алушыны 18 мың кәсіпорын базасында дуальды оқыту жүйесімен қамту жоспарланып отыр. Сонымен қатар шефтік қамқорлық көрсететін кәсіпорындар саны бір жылда 8 есеге өсіп, 4 мыңға жетті. Бұл кәсіпорындар колледждердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға, оқу бағдарламаларын жетілдіруге және түлектерді жұмыспен қамтуға қолдау көрсетіп отыр. Жұмысқа орналасу міндеттемесімен кәсіпорындардың мақсатты  тапсырысы бойынша даярланатын студенттердің саны да жыл сайын ұлғаюда. Биылға дейін жыл сайын 10 мың студент қабылданса, Жұмысшы мамандықтар жылы аясында бұл көрсеткіш 30 мынан асып түсті», – деді ведомство өкілі. 

Ұлттық «Maman» бағдарламасы аясында еңбек нарығының қажеттіліктерін ескеретін жаңа кәсіби бағдарлау тәсілдері енгізілуде. Жоғары сынып оқушыларына жұмысшы мамандығы біліктілігін беру бойынша пилоттық жоба іске асырылуда. Кәсіптік даярлық колледждер базасында, ал жалпы білім беру пәндерін меңгеру мектептерде өтеді. 11-сыныпты бітіргеннен кейін оқушылар аттестат қана емес, орта техникалық білім туралы диплом да ала алады. Биыл 905 түлек кәсіби біліктілікпен еңбек нарығына шықты. Осы жылдың наурызында әр мектепке кәсіби бағдар беруші педагогтың жеке штаттық бірлігі енгізілді, сонымен бірге 800-ден астам бейіндік сынып ашылды.