28.10.2025 _ 14:50

Кәсіби бағдарлау ауқымы кеңейіп, әскери мамандықты таңдаушылар саны артып келеді

Әскери мамандарды дайындаудағы маңызды бағыт – техникалық және кәсіптік білім беру. Бұл жұмыс ҚМ әскери колледждерінде жүзеге асырылады. Сержанттық лауазымдарды техникалық және кәсіптік білімі бар кәсіби әскери қызметшілермен жасақтау қажеттілігіне байланысты 2020 жылдан бастап 4 республикалық «Жас ұлан» мектебі кезең-кезеңімен әскери колледждер болып қайта құрылды. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігі Әскери білім және ғылым департаментінің бастығы полковник Мұрат Олжабаевтың ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында хабарлады.

Оның айтуынша, жаңа әскери колледждердің құрылуы сержанттық лауазымдарды жасақтауды арттыруға іске асырылатын мамандықтар спектрін кеңейтуге және техникалық әрі кәсіптік әскери білімі бар кәсіби кадрларды көбейтуге мүмкіндік берді.

«Бүгінде ҚМ әскери колледждерінде техникалық және кәсіптік оқу бағыттары бойынша сержанттарды 5 мамандық және 11 біліктілік аясында даярлау жүргізіледі. Нәтижесінде ҚР заманауи және функционалдық әскери білім беру жүйесі қалыптасты. Ол өзекті сын-қатерлерге жауап береді және ҚК-дегі жауынгерлік, мобилизациялық даярлықты жүзеге асыруды сапалы орындауға қабілетті кадрлармен қамтамасыз етеді», – деді спикер. 

Қорғаныс министрлігі әскери колледждері мен институттары Қарулы Күштердің қажеттілігі үшін офицерлер мен сержанттар кәсіби негізде даярланатын беделді ұйымдар болып табылады. Биыл сержанттар кадрларын даярлау жүйесін кезең-кезеңімен жаңарту аясында Алматы, Қарағанды қалаларындағы республикалық «Жас ұлан» мектептері базасындағы тағы 2 әскери колледж ашылды. 2025 жылы бұл оқу орындарында сұраныс жоғары мамандықтар бойынша тыңдаушылар қабылданды. Олар: «Әскери істегі дене мәдениеті және спорт», «Барлау және десанттық-шабуылдаушы бөлімшелерді басқару», «Әскери логистика».

2024 жылдың қазанынан 2025 жылдың шілдесіне дейін соңғы жылдардағы кең кәсіби бағдарлау науқанын өткізді. Үгіт жұмысына 6 мыңнан астам оқу орны мен 210 мыңнан астам білім алушы тартылды. Науқан нәтижесінде 4 мыңнан астам азамат әскери оқу орындарына түсуге ниет білдірді. Оның ішінде 1700-ден астам абитуриент оқуға қабылданды.