«Қолданыстағы Тұжырымдаманың басымдықтарын іске асыруды жалғастыра отырып, қазіргі уақытта 2030 жылға дейінгі көші қон-саясатының жаңа тұжырымдамасын әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Жаңа тұжырымдаманың жобасы мынадай негізгі бағыттарды іске асыруды көздейді: бірінші бағыт – көші-қон ағындарын есепке алу жүйесін жетілдіру. Бұл мақсатта ел ішінде және шетелде көші-қонды есепке алудың Бірыңғай цифрлық жүйесін енгізу көзделіп отыр. Enbek.kz экожүйесін «Ұлттық білім беру деректер қоры» ақпараттық жүйесі және басқа да жүйелермен интеграциялау жоспарлануда», – деді спикер.
Екінші бағыт – сыртқы көші-қонды басқару тетіктерін жаңғырту. Сыртқы көші-қон ағындарының өзгерістері олардың ауқымы мен қарқындылығын бағалау тұрғысынан талданады. Сонымен қатар бейіндік жүйелер мен инфрақұрылымның ықтимал сын-қатерлерге дайындық деңгейіне терең талдау жүргізіледі. Иммигранттарға арналған бейімдеу курстарының бірыңғай стандарттары енгізіледі.
Үшінші бағыт – теңгерімді көші-қон. Кәсіпкерлікті дамыту және өңірлерде тұрақты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету мақсатында өңірлік кәсіпкерлер палаталарымен бірлесіп, мобильді кәсіпкерлікті дамыту тетіктері әзірленеді. Бұл кәсіпкерлерге тіркелген жерінен тыс бизнес ашу, жүргізу және кеңейтуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ шетелде тұратын отандастармен тұрақты байланыс орнатуға арналған тұрақты коммуникациялық арналар қалыптастырылады.