13.11.2025 _ 11:50

Жыл басынан бері Ақмола өңірінің экономикасына 660 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды

Мемлекет басшысының жаңа инвестициялық циклды қайта қарап, оны іске қосу жөнінде нақты міндеті аясында Ақмола облысында айтарлықтай жұмыс жүргізілді. Мәселен, биыл өңір экономикасына құйылған инвестиция көлемі 660 млрд теңгеден асты. Өткен жылмен салыстырғанда бұл сома 250 млрд теңгеге артық. Жаңа инвестициялық жобалар жайында Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында айтты.

Оның мәлімдеуінше, «АҚМОЛА» аймағының құрылуы – инвестиция тартудың негізгі құралы. Республикалық индустриялық аймақ инвесторлар үшін нағыз тартымды орталыққа айналып отыр.

«Онда жалпы құны 1 трлн теңгеден асатын жобалар жинақталды. Бұл 4 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда астықты терең өңдейтін алғашқы зауыттың құрылысы басталды. Бұл – 1,8 млрд АҚШ доллары көлеміндегі инвестиция. Оның аясында жылына 3 млн тоннаға дейін астық өңдейтін зауыт салу жоспарланған. Маңыздысы, бұл жерде түпкілікті сұранысқа ие болатын тауарлар – натрий глутаматы, крахмал және минералды тыңайтқыштар өндіріледі. Сондай-ақ клинкер өнімдері мен қаптама кірпіш шығаратын және пестицид пен тыңайтқыштар өндіретін зауыттардың құрылысы жоспарланған. Осының барлығы – Астана агломерациясын дамытуға бағытталған ортақ жұмыстың бір бөлігі», – деді аймақ басшысы.

Қазан айында астықты терең өңдеудің екінші ірі кешенін салу жөніндегі стратегиялық негіздемелік келісімге қол қойылды. Инвестиция көлемі – 1,5 млрд АҚШ долларды құрап, онда 1000 жұмыс орны ашылады. Сондай-ақ биыл маңызды келіссөздер жүргізілді. Ірі инвесторлар бидай өңдеу мен жем өндіру, элеватор мен құрама жем зауытын, сондай-ақ асыл тұқымды репродуктор салу бойынша жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Жобалардың іске асырылуы 700-ге дейін жұмыс орнын құра отырып, шамамен 600 млн АҚШ доллары көлеміндегі инвестиция тартуға мүмкіндік береді. 

Осы жылы «БЕНТ» компаниялар тобы «ҚАЗШПАЛ» кәсіпорнын сатып алды. Олар тәулігіне 3 мыңнан астам шпал шығару арқылы өндірісті қайта жаңғыртуға кемінде 10 млрд теңге инвестиция құяды. Бүгінгі таңда кәсіпорында 150 адам жұмыс істейді, келесі жылы бұл көрсеткіш 450-ге дейін жеткізілмек.