Ол облыс аумағында жүзеге асырылатын жобалар жайында ақпарат берді.
«Мысал ретінде тоқталсам, жаңартылатын энергия саласындағы ірі жоба – ERG компаниясы жүзеге асырған қуаты 150 мегаватт болатын жел электр станциясы. Тағы бір атап өтерлігі, Қазақстанда алғаш рет «KazFeltec» компаниясының бастамасымен қой жүнін терең өңдейтін және одан құрылыс материалдар шығаратын жаңа цех ашылды. Аталған жобалармен қоса, жыл соңына дейін жалпы құны шамамен 350 млрд теңге болатын 4 жобаны іске асыру жоспарлануда. Бұдан бөлек, алдағы жылдары да бірқатар маңызды жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр. Олардың қатарында карбамид, битум, цемент өндіретін зауыттар және басқа да ірі жобалар бар», – деді өңір басшысы.
Сонымен қатар инвесторларға қолайлы жағдай қалыптастыру үшін Әлия Молдағұлова атындағы Халықаралық әуежай базасында жалпы ауданы 858 гектарды қамтитын «Ақтөбе» арнайы экономикалық аймағы және Хромтау қаласында жалпы аумағы 150 гектарды қамтитын республикалық маңызы бар «Хромтау» индустриялық аймағы құрылды.