Спикердің хабарлауынша, бұл ережелер тауар туралы шынайы ақпарат, кепілдіктер, жеткізу, қайтару рәсімдері және өнім қауіпсіздігіне қойылатын талаптарды қамтиды. Платформалар тұтынушылардың өтініштерін қабылдайтын сервисті қамтамасыз етіп, расталған бұзушылықтар анықталған жағдайда сатушыларға шара қолдануға тиіс.
Сонымен қатар платформалар сатылымдар мен жарнамаға қатысты деректерді бір жыл бойы сақтап, пайдаланушыларды техникалық ақаулар туралы хабардар етуге міндетті.
«Қабылданған жаңа Салық кодексі аясында электронды сауда қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету шаралары күшейтілді. Атап айтқанда, интернет-платформа иелерінің мемлекеттік кірістер органдарына сатылған тауарлар, көрсетілген қызметтер және жеке тұлғаларға жасалған төлемдер туралы мәлімет беру қағидалары бекітілді. Бұл қағидалар 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді», – деп түсіндірді спикер.
Оразалиевтің айтуынша, қараша айында «Сәйкестікті бағалау органдары мен уәкілетті өндірушінің өзара әрекеттесуіне арналған адал тәжірибе жөніндегі нұсқаулық» атты ұлттық стандарт қабылданды. Стандарт өзара әрекеттесудің барлық кезеңінде сәйкестікті бағалау органдары мен уәкілетті өндіруші арасындағы адал өзара іс-қимылдың жалпы талаптарын, сондай-ақ сәйкестікті бағалау кезінде құжаттамаға қойылатын талаптарды белгілейді.
Бұдан бөлек, Әділет министрлігі зияткерлік меншік нысандарын қорғаудың жаңа құқықтық тетіктерін және тауар белгілері мен фирмалық атауларды заңсыз пайдаланғаны үшін санкцияларды қатаңдатуды көздейтін түзетулер бойынша нақтылау жұмыстарын жүргізуде.
Мәдениет министрлігі маркетплейстердегі контентті тыйым салынған тауарлардың бар-жоғына қатысты талдау жүргізіп жатыр.