04.12.2025 _ 15:00

2029 жылға дейін Солтүстік Қазақстан облысы орталығындағы барлық көшеге толығымен асфальт төселмек

Солтүстік Қазақстан облысында автомобиль жолдарының ұзындығы 8,4 мың шақырымды құрайды. Еліміздегі жолдардың ұзындығы бойынша облыс 2-орында. Биыл жөндеу жұмыстарымен 1,1 мың шақырым жол қамтылды. Оның ішінде 467 шақырым – республикалық, 540 шақырым – жергілікті және 100 шақырым - кентішілік жолдар. 10 жылдан астам мерзім көлемінде жөнделмеген республикалық маңызы бар жолдарға ауқымды жөндеу жүргізілді. Оның ішінде «Петропавл-Жезқазған» және «Мамлютка-Қостанай» учаскелері жыл бойы халық үшін көліктік қолжетімділікті қамтамасыз етті. Бұл жайлы Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді.

Сонымен қатар 2029 жылға дейін облыс орталығындағы барлық көшеге толығымен асфальт төсеу жоспарланған. Соңғы 3 жылда 63 көшеде алғаш рет асфальт пайда болды.

«Сондай-ақ елді мекендердің көшелеріне, әсіресе, шекара маңындағы аудандарға ерекше назар аударылады. Биыл бұрын ешқашан асфальт болмаған 51 елді мекенде жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жыл қорытындысы бойынша жергілікті желідегі нормативтік жағдайдағы жолдардың үлесі 89%-ға дейін,  ал республикалық желі бойынша 88%-ға дейін жеткізілді», – деді спикер.

Солтүстік Қазақстан облысы үшін 2024 жылғы су тасқыны үлкен сынақ болды. Осы орайда биыл көктемде Петропавл мен қала маңындағы аудандардың беріктігі тағы да тексерілді. Бұл ретте былтырғы су тасқынының барлық сабағы ескерілді. Өткен және ағымдағы жылдары Есілдің тасқын суларынан Петропавл мен қала маңын қорғау бойынша шаралар кешені іске асырылды.

Облыс орталығы және Қызылжар ауданында бөгеттерді қайта жаңарту аяқталуда. Барлық бөгеттің биіктігі Балтық жүйесі бойынша 102,2 метрге дейін жеткізілді. Бұл 2024 жылғы су тасқыны деңгейінен 1,5 метрге жоғары. Жұмыстарды жыл соңына дейін аяқтау жоспарда бар. Жергілікті бюджет есебінен Есіл жайылмасындағы тұрғын үйлерді қорғау үшін 2 жер қорғаны салынды. Сонымен қатар Петропавл су торабынан 32 шақырым төмен учаскеде Есіл арнасын тазарту және түбін тереңдету бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде. Болашақта бұл өзеннің өткізу қабілетін арттыруға мүмкіндік береді. 

Жайылмада орналасқан Заречный кенті су басу қаупі жоғары аймақ болып табылады. Сондықтан тұрғындарды қала орталығына толық көшіру шешімі қабылданды. Алғашқы тоқсан пәтерлі бес қабатты үйдің құрылысы аяқталуда. Жыл соңына дейін алғашқы тұрғындарды жаңа үйге қоныстандыру жоспарда бар.