08.12.2025 _ 15:50

БҚО-да халықтың жайлы өмір сүруіне бағытталған жобалар қарқынды жүзеге асып жатыр

Батыс Қазақстан облысында 2023 жылдан бастап тұрғын үй құрылысына 44 млрд теңге бөлініп, 319 мың шаршы метр тұрғын үй, яғни 3698 пәтер халық игілігіне берілді. Өңір әкімі Нариман Төреғалиевтің айтуынша, биыл өңірде 19,2 млрд теңгеге 7 көпқабатты үй мен ауылдық жерлерде тағы 14 тұрғын үй, барлығы 1292 пәтер салынып жатыр. Әлеуметтік осал топтағы кезекте тұрған азаматтарға жыл соңына дейін 579 пәтер сатып алынады. Жалпы, 2023-2025 жылдарда облыс бойынша 5431 отбасы тұрғын үймен қамтылды. Соның ішінде 1 733 пәтер ауылдық елді мекендерде пайдалануға берілді.

«Халықтың өмірін қамтамасыз ететін салалардың материалдық-техникалық базасын жақсарту мақсатында 2023-2025 жылдарда облыстық бюджеттен 15 млрд теңгеден астам қаржыға 1 мыңға жуық арнайы техника сатып алынды. 2025 жылдың 10 айында қылмыстық құқық бұзушылық 5,2%-ға төмендеді. Бұл республика бойынша тіркелген қылмыстық құқық бұзушылықтардың 3,2%-н құрайды. Облыста ұрлық, тонау, аса ауыр қылмыстар саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда азайып отыр. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында жыл басынан бері облыс бойынша 1 мыңнан астам бейнебақылау камерасы орнатылды», – деді өңір әкімі ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында. 

Аймақтағы 405 ауылдық елді мекеннің 343-і, яғни 85%-ы интернетке қол жеткізіп отыр. Халық саны 50 адамнан аз ауылдарды интернетпен қамтамасыз ету үшін 24 ауылға OneWeb спутниктік технологиясының станциясы орнатылуда. Сондай-ақ 5G стандартындағы 77 базалық станция іске қосылды. Интернет сапасын одан әрі жақсарту мақсатында «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында 2027 жылға дейін 220 ауыл талшықты-оптикалық байланыспен қамтылады. «Smart City» тұжырымдамасы негізінде ақылды қалалардың рейтингісімен 2024 жылдың қорытындысы бойынша Орал қаласы 78,3%-бен үздік 5 қаланың қатарында орналасты.