09.12.2025 _ 12:10

Түркістан облысында 114 мың га аумаққа су үнемдеу технологиясы енгізілді

Еліміздегі суармалы жерлердің төрттен бірі Түркістан облысына тиесілі. Олардың жалпы алаңы 554 мың гектарды құрайды. Су үнемдеу технологиясы ағын суды 2 есе үнемдеумен қатар, өнімділікті 3 есе арттыруға мүмкіндік береді. 2025 жылға дейін су үнемдеу технологиясы 55 мың гектарға енгізілмек. Биылдың өзінде қосымша 59 мың гектарға су үнемдеу технологиясы енгізіліп, жалпы көлемі 114 мың гектарға жетті. Бұл туралы өңір әкімі Нұралхан Көшеров ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді.

Оның хабарлауынша, алдағы 5 жылда су үнемдеу технологиясын қосымша 250 мың гектар жерге енгізу жоспарда бар. 

«Суару технологияларының қолжетімділігін арттыру бағытында 6 кәсіпорын ашу қолға алынды. Оның ішінде, 4 кәсіпорын іске қосылды, қосымша екеуі келесі жылы ашылады. Нәтижесінде, жылына 198 мың гектар жерді су үнемдеу технологиясымен қамтамасыз ету мүмкін болады. Алдағы уақытта осы кәсіпорындар есебінен су үнемдеу технологияларымен облыс және көршілес өңірлер толық қамтамасыз етіледі. Отырар ауданында су үнемдеу технологиясын қолдана отырып, «Күріш дақылын егу» жобасы іске асырылды. Жобаның құны 7 млн АҚШ долларын құрайды. Қарапайым әдіспен гектарына ағын су 26 мың текше метрге дейін пайдаланылса, тамшылатып суару есебінен ағын су 2 есе үнемдеуге қол жеткізілді», – деді аймақ басшысы.

Облыс аумағында ағын сумен қамтамасыз ететін жалпы ұзындығы 12 731 шақырымды құрайтын канал бар. Каналдардың 76%-ның тозығы жеткен. Аталған мәселені шешу үшін кешенді жоспар қабылданды. Бірінші кезекте тозығы жеткен су нысандарын қалпына келтіру қажет. Ислам Даму банкінің қаржысы есебінен жалпы 302 су нысаны жөнделеді. Нәтижесінде, каналдардың тозу көрсеткіші 50%-ға дейін төмендейді.

Бұдан бөлек, сыйымдылығы 121 млн текше метр 4 су қоймасын салу жоспарланған. Оның ішінде, «Бәйдібек ата» және «Қарақуыс» су қоймалары салынуда. «Боралдай» және «Иқан су» қоймаларының жобасы әзірленуде. «Бәйдібек ата» және «Боралдай» су қоймаларын салу есебінен Түркістан қаласы және 5 аудан тұрақты 120 млн текше метр сумен қамтамасыз етіледі. Нәтижесінде, 18 мың гектарға жуық жердің сумен қамтамасыз етуі жақсарады. Бұл қосымша 200 млрд теңгеге өнімін өндіруге мүмкіндік береді.