09.12.2025 _ 12:30

Түркістанда Оңтүстік Кореядан келген 70 студент ІТ мамандықтары бойынша білім алып жатыр

Білім мен адами капиталды дамыту – экономикалық өсудің негізгі тірегі. Түркістан аймағында бұл бағыт бойынша нақты шаралар қабылданып жатыр. Білім беру жүйесінде мектеп тапшылығын шешу мақсатында өңірде «Келешек мектептері» жобасы іске асырылуда. Жоба аясында 23 мың орындық 29 мектеп құрылысы жоспарланған. Оның ішінде, 28 мектеп пайдалануға берілді. Қалған 1 мектептің құрылысы аяқталуға жақын. Жергілікті бюджеттен 17 мектеп салынуда. Биыл 4 мектеп пайдалануға беріледі, қалғаны келесі жылға өтпелі. Бұл туралы өңір әкімі Нұралхан Көшеров ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында хабарлады.

Тағы 41 мектепте реновация жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазір 25 мектепті жөндеу жұмыстары толық аяқталды. 110 мектеп ағымдағы жөндеуден өтті. 

Өңірде білім беру саласындағы жасанды интеллектіні кеңінен қолдануға да басымдық берілген. Мәселен, Оңтүстік Кореямен келіссөз жүргізіліп, Түркістан қаласында IT мамандарын дайындайтын «Woosong Kazakhstan» универсеті ашылды. Университет жалпы 2 мың студент қабылдауға қауқарлы. Әкімдік тарапынан 100 грант бөлінді. Бүгінгі таңда оқу процесі басталып, 108 студент білім алып жатыр. Бұдан бөлек, университетке Оңтүстік Кореядан 70 студент тәлім алуға келді. Алдағы уақытта, университет облыс жастарының өзге қалаларға білім алу үшін қоныс аудармай, өз өңірімізде қалуына үлкен септігін тигізеді.

Президент 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялап, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін түбегейлі жаңғыртуды тапсырды. Облыста 50 колледжде 46 мыңнан астам студент 84 мамандық бойынша білім алуда. Ағымдағы жылы колледжді бітірген 14 806 түлектің 79%-ы жұмыспен қамтылған. Оның ішінде, 5 мыңға жуығы жұмысшы мамандықтары. Жаңа оқу жылына жұмысшы мамандықтарға 9 мыңға жуық грант бөлінді. Агроөнеркәсіп, энергетика және техникалық бағыттар бойынша 5 мамандыққа тапшылық анықталды. Алдағы уақытта колледждерде өңірдің экономикалық қажеттілігіне сай жұмысшы кадрлары даярланбақ. 

Денсаулық сақтау саласында облыс бойынша 219 мекеме халыққа қызмет көрсетеді. Ауылдық жердегі нысандарды жаңғыртуға ерекше назар аударылуда. Бүгінгі таңда 73 нысанға қажеттілік бар. Нақты жоспар түзіп, 3 жылда кезең-кезеңімен шешіледі. Биылдың өзінде жергілікті бюджет есебінен 34 жаңа ғимараттың мәселесі шешімін тапты. 3 ауруханаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Алғашқы медициналық көмек сапасын арттыру мақсатында 60 жедел жәрдем көлігі сатып алынды. Медициналық ұйымдарды материалдық-техникалық жарақтандыру деңгейі 84,7%-ға жетті.