17.12.2025 _ 14:40

Биыл Алматының негізгі капиталына 1,9 трлн теңге инвестиция тартылды

ОКҚ көшпелі баспасөз конфренциясы барысында Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды 2025 жылы қаңтар-қараша айларындағы мегаполистің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштерін таныстырды. Қаланың ең негізгі басымдығы – экономиканың орнықты түрде өсуі. Биыл Алматыдағы іскерлік белсенділік те, инвестициялық динамика да жоғары деңгейде сақталды. Ағымдағы жылдың қаңтар-қараша айларында Алматы бойынша қысқа мерзімді экономикалық индикатор 11,4 %-ды құрады. Экономикалық өсімнің негізгі драйверлері – құрылыс, көлік саласы және өңдеу өнеркәсібі.

Экономикалық өсімнің қарқыны жоғары инвестициялық белсенділікпен нығайып келеді. 2025 жылдың 11 айында негізгі капиталға 1,9 трлн теңге инвестиция тартылды. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 19%-ға артық.

«Биыл құны шамамен 500 млрд теңге болатын 12 ірі инвестициялық жоба іске қосылды. Олардың қатарында Қазақстанда Haval, Chery және Changan маркалы жеңіл автокөліктер шығаратын мультибрендтік зауыт, автокөлік шиналарын резеңке үгіндіге қайта өңдеу зауыты, шыны ыдыс өндіру зауыты, сондай-ақ күн модульдерін өндіру жобалары бар. Жыл қорытындысы бойынша Алматы қаласының өңірлік жалпы өнімінің өсімі 6,4 % деңгейінде болмақ. Экономиканың дамуы салық түсімдерінің тұрақты өсуімен қатар жүріп отыр. 11 айда жергілікті бюджетке 1 трлн 970 млрд теңге түсті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 19,4%-ға артық», – деді әкім.

Биыл шаһарда 92 мың жұмыс орны ашылды. Олардың 87%-ы – тұрақты жұмыс орындары. Қалада орташа айлық жалақы 539 мың теңгені құрады. Бұл республикалық орташа деңгейден 29%-ға жоғары. 

Шағын және орта бизнес Алматы экономикасының негізгі драйвері болып табылады. Ол жалпы өңірлік өнімінің 60%-ын және жергілікті бюджетке түсетін кірістердің басым бөлігін қамтамасыз етеді. Бұл салада қаланың жұмыспен қамтылған тұрғындарының 90 %-ы еңбек етеді.

Белсенді жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 9,4%-ға артып, 387 мыңға жетті. Ал, өндірілген өнім көлемі 21%-ға өсті. Шағын және орта бизнесті қолдау және одан әрі дамыту мақсатында 1 мыңнан астам жобаны қолдауға 2025 жылы бюджеттен 50  млрд теңгеден астам қаражат бөлінді.