26.12.2025 _ 18:04

Хромтауда елдегі алғашқы білім беру-өндірістік кластер іске қосылды

Хромтау тау-кен техникалық жоғары колледжінде Ақтөбе облысының тау-кен металлургия саласына арналған өңірлік білім беру-өндірістік кластері ресми түрде ашылды. Жоба Қазақстанда алғаш рет кадр даярлаудың үздіксіз жүйесін қалыптастырды: білім беру үдерісі мектепке дейінгі жастан басталып, мектепте, колледжде және өндірісте жалғасады. Бұл модельдің нәтижесі – түлектердің тау-кен металлургия саласының жетекші кәсіпорындарына 100% жұмыспен қамтылуы, деп хабарлайды өңір әкімдігі.

Хромтау тау-кен техникалық жоғары колледжі бүгінде кәсіби-техникалық кадрлар даярлау бойынша елдегі ең мықты оқу орындарының бірі ретінде танылып отыр.

«Хромтау тау-кен техникалық колледжі кәсіби кадрлар даярлауда тек өңірлік емес, республикалық деңгейде де локомотив болып отыр. Жақында колледж ұлттық білім беру ұйымдары байқауының қорытындысы бойынша елдегі үздік оқу орны деп танылды. Бұл – оқу орнының инновациялық көзқарасы мен мамандар даярлау сапасының жоғары деңгейін дәлелдейді», – деп атап өтті Ақтөбе облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Асхат Ізбасар.

Кластердің бірегейлігі — кәсіптік бағдар берудің мектепке дейінгі жастан басталуында. Балалар ойын форматында лаборант рөлін байқап көреді, химия, электрмен жабдықтау және тау-кен ісінің негіздерімен танысады. Мұндай ерте танысу техникалық және жұмысшы мамандықтарға деген тұрақты қызығушылықты қалыптастырып, болашақ мамандықты саналы түрде таңдауға мүмкіндік береді.

9–11 сынып оқушылары үшін кластер тереңдетілген бейіндік оқытуды, шеберлік сабақтарын және практикалық сабақтарды ұсынады. Мектепті аяқтағаннан кейін түлектер кәсіби курстардың сертификаттарын алып, еңбек нарығына сұранысқа ие біліктілікпен шыға алады.

Кластердің басты артықшылығы – түлектерді кепілді түрде жұмыспен қамту. Жас мамандар Донской тау-кен байыту комбинаты мен ERG компаниялар тобының кәсіпорындарын қоса алғанда, елдегі үздік өндіріс орындарында еңбек ету мүмкіндігіне ие болады. Кадр даярлау жұмыс берушілердің нақты қажеттіліктеріне сәйкес жүргізіледі, бұл түлектердің өндірістік ортаға жеңіл бейімделуіне жағдай жасайды.

Жоба халықаралық деңгейде де дамуда. Магнитогорск қаласындағы Г. И. Носов атындағы МГТУ және Халықаралық білім беру және инновациялар орталығымен әріптестік орнатылған. Бұл ынтымақтастық оқу үдерісіне әлемдік озық тәжірибелер мен заманауи стандарттарды енгізуге мүмкіндік береді.

Іс-шараның маңызды қорытындысы — «Talap» КЕАҚ-тың №01 сертификатының табысталуы болды. Бұл құжат Хромтау колледжінің Қазақстандағы жаңа форматтағы алғашқы білім беру-өндірістік модель екенін ресми түрде растайды.