15.03.2026 _ 15:24

Халықаралық байқаушы: жаңа Конституция Қазақстанға елеулі саяси өзгерістер әкеледі

Қазақстанның жаңа Конституциясы бойынша республикалық референдумға келген халықаралық байқаушылар құжат мәтінімен толық танысып, ол ел дамуына сүбелі үлес қосады деген пікірге келді. ТүркПА Құқықтық мәселелер және халықаралық байланыстар комиссиясының төрағасы, Түркия Ұлы ұлттық Мәжілісінің депутаты, өкілдік басшысы Осман Местен «Референдум –2026» онлайн марафоны аясында өткен ОКҚ баспасөз конференциясында өз ойларын жеткізді.

«Біз Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясы атынан келіп отырмыз. Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан және Түркия елдерінің Парламент депутаттары ретінде референдумды бақылап отырмыз. Астана, Алматы және Түркістан қалаларында жұмысымызды жүргізіп жатырмыз. Халықтың референдумға және саяси өзгерістерге үлкен құлшыныспен қатысып отырғанына куә болдық. Бұл реформалардың ауқымы кең. Парламент бір палаталы Құрылтай жүйесіне өтіп жатыр. Сонымен қатар «Халық кеңесі» деп аталатын жаңа саяси құрылымның қалыптасатынын білдік. Бұл жерде түрлі этникалық, басқа да топтардың өкілдері осы Кеңеске кіріп, заң шығару бастамаларын ұсынатынын естідік. Қазақстанның жаңа Конституциясында отбасы мселесіне үлкен мән беріліп отыр. Негізгі заңда неке – бұл ер мен әйелдің тең құқылы одақ екенін конституциялық тұрғыдан бекітілгені өте маңызды деп санаймын», – деді спикер. 

Сонымен қатар халықаралық байқаушы қазақ тілінің мәртебесі артатынын ерекше атап өтіп, жаңа құжат елдің әрі қарай дамуына ықпал ететініне сенім білдірді.