17.03.2026 _ 17:48

Түркістанда «Ақ орамал» республикалық акциясы өтті

17 наурыз – Шаңырақ күні мерекесіне орай Түркістан қаласында «Ақ орамал» республикалық акциясы өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – ұлттық құндылықтарды дәріптеу, отбасылық дәстүрлерді жаңғырту және ананың қоғамдағы мәртебесін ұлықтау, деп хабарлайды Түркістан облысының әкімдігі.

Жиын барысында қазақ халқының тағылымды дәстүрі жаңғыртылып, аналар жас жұбайларға және ақжаулықты әжелерге ақ орамал жапты. Бұл – аналардың ақ тілегі мен ақ батасының белгісі болды.

Сондай-ақ ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптейтін «Шылауыш орау» дәстүрінен сахналық көрініс, аналарға арналған әсерлі әндер, әжелердің «Ақ орамал» дефилесі, сондай-ақ, мәдени музыкалық қойылымдар ұсынылды. Сонымен қатар Түркістан қаласының Құрметті азаматы Шора Есмолдаев 61 жыл отасқан жұбайымен бірге отбасы татулығының сырымен бөлісіп, жастарға ақыл-кеңестерін айтты. Іс-шара соңында батагөй ақсақал жас жұбайларға ақ батасын беріп, қазақы дәстүрге сай ақжарма тілектерін жеткізді.

Іс-шара аясында қатысушыларға «Наурыз-базарлық» сыйлық бокстары таратылып, құрметті қонақтарға гүл шоқтары табысталды. 

Осындай тағылымы мол кездесулер арқылы ұрпақ сабақтастығы нығайып, отбасы құндылықтары дәріптеліп келеді. Ақ орамал – ананың мейірімі мен даналығының, шаңырақтың берекесі мен ұрпақ сабақтастығының символы.