Қазақстанның бірқатар өңірінде топырақ ылғалдылығының нормадан жоғары екені тіркелді. Мамандардың мәліметінше, жоғары көрсеткіштер Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Абай және Жетісу облыстарында, сондай-ақ Атырау облысының батысында, Қостанай облысының солтүстік-батысында, Қарағанды мен Алматы облыстарының шығысында байқалады.
Қардағы су қорының нормадан жоғары болуы негізінен Шығыс Қазақстан, Абай облыстарында, Ақмола, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарының басым бөлігінде және Қостанай өңірінің солтүстік бөлігінде байқалады.
Ел аумағының басым бөлігінде өткен жылмен салыстырғанда топырақтың қатты тоңазығаны байқалады. Ең жоғары көрсеткіштер солтүстік, солтүстік-шығыс, солтүстік-батыс және орталық өңірлерде тіркелген.
Сонымен қатар мамандар Қарағанды, Ұлытау, Павлодар, Абай, Батыс Қазақстан және Ақмола облыстарында мұз қабығының қалыптасқанын атап өтті.
Сондай-ақ спикер 2026 жылғы су тасқыны кезеңіне арналған Қазақстан өзендері бойынша болжамды жариялап, су деңгейінің қауіпті деңгейге жетуі мүмкін өңірлерді атады.
Жоғары тәуекел аймақтарына Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Абай және Шығыс Қазақстан облыстары жатқызылды. Орташа тәуекел Қостанай, Павлодар, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Ұлытау, Түркістан, Алматы облыстарында және Жетісу облысында күтіледі. Төмен тәуекел Атырау, Маңғыстау, Қызылорда және Жамбыл облыстарында болжанып отыр.
«Қазгидромет» РМК мәліметінше, 7 наурыздан бастап еліміздің барлық өңірі бойынша апта сайын болжамдар жарияланып келеді. Онда күтілетін ең жоғары су деңгейі, су ағымы көлемі және су тасқыны шегіне жету мерзімдері көрсетіледі.
«Біз гидропосттарымызда тәулік бойы, 24/7 бақылау жүргіземіз. Гидрометеорологиялық жағдай күрт өзгерген жағдайда, бұл ақпарат уәкілетті органдарға және халыққа жеткізіледі», – деп қорытындылады Әсет Қалиев.