26.03.2026 _ 09:45

«Жастар практикасы»: 2026 жылғы ақпан-наурыз айларында 423 адам жұмыспен қамтылды

2026 жылы «Жастар практикасы» жобасы шеңберінде 25 мың жас қазақстандықты жұмыспен қамту шаралары жоспарланып отыр. Жастар практикасына алған мамандығы (біліктілігі) бойынша бастапқы жұмыс тәжірибесін жинақтау мақсатында жасы 35-тен аспаған, білім беру ұйымдарының жұмыссыз түлектері қатыса алады. Бағдарламаға қатысу үшін Мансап орталығына өтініш беру қажет, деп хабарлайды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Практикадан өту кезеңінде әрбір қатысушыға жұмыс беруші тарапынан тәлімгер бекітіледі, ол кәсіби білім мен практикалық дағдыларды меңгеруге ықпал етеді.

«Жастар практикасын» қаржыландыруды Еңбек ұтқырлығы орталығы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы жалақыны ай сайын төлей отырып жүзеге асырады. Төлем жұмыс беруші ұсынған мәліметтер негізінде екінші деңгейдегі банктерде ашылған қатысушылардың ағымдағы (карталық) шоттарына ақша қаражатын аудару жолымен жүргізіледі. 

2026 жылғы ақпан-наурыз айларының қорытындысы бойынша жоба аясында 423 адам жұмыспен қамтылды.

Бағдарламаға қатысушылар жұмысқа орналасқан ең сұранысқа ие мамандықтар қатарында мейіргер (124 адам), заңгер (66 адам), шет тілі мұғалімі (57 адам), тәрбиеші (47 адам) және бастауыш сынып мұғалімі (43 адам) бар.

Республика бойынша орташа жалақы мөлшері 129,7 мың теңгені құрады.