24.04.2026 _ 11:50

Қазақстандағы кәсіпорындардың 68%-ы қызметкерлерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шарттарын жасасты – Еңбек министрлігі

Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті мемлекеттік бақылау мен профилактикалық жұмыстардан бөлек, әлеуметтік-еңбек саласындағы өзге де маңызды мәселелерге ерекше назар аударуда. Ұжымдық шарттарды жасасу және цифрландыру азаматтардың еңбек құқықтарын қорғаудың маңызды элементі болып табылады, өйткені бұл құжатта негізгі еңбек жағдайлары бекітіледі. Бүгінгі таңда 18 700 ұжымдық шарт жасалып, цифрландырылды. Бұл туралы ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің төрағасы Мейрамбек Ахметов мәлімдеді.
Изображение создано при помощи ИИ

Екінші бағыт профилактикалық бақылау жүргізумен байланысты. Яғни, инспекторлар кәсіпорындарға барып, талаптардың сақталуын тексереді және заң бұзушылықтарды проактивті түрде анықтай отырып, жазатайым оқиғалар мен өндірістік жарақаттанудың алдын алады. Бірінші тоқсанда 92 осындай тексеру жүргізілді. Жалпы бірінші жартыжылдыққа 190 тексеру жоспарланған.

«Тағы бір маңызды бағыт — қызметкерлерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шарттарын жасасу. Біріншіден, бұл - жұмыс берушілерді өз қызметкерлерін сақтандыруға міндеттейтін заңнама талабы. Екіншіден — азаматтарды қосымша қорғау. Жазатайым оқиға болған жағдайда қызметкер емделуге және басқа да қажеттіліктерге сақтандыру төлемдерін алады. Бүгінгі таңда жұмыс істеп тұрған 117 мың заңды тұлға, яғни кәсіпорындар мен ұйымдар осындай шарттар жасасты. Бұл белсенді заңды тұлғалардың жалпы санының 68%-ын құрайды. Жұмыс жалғасуда және жыл соңына қарай барлық жұмыс берушіні сақтандырумен толық қамту жоспарлануда», — деп атап өтті Мейрамбек Ахметов.

Бұдан бөлек, Еңбек кодексіне сәйкес, әрбір жұмыс беруші қызметкерді жұмысқа қабылдау кезінде еңбек шартын рәсімдеуге және оны HR Enbek жүйесіне жүктеуге міндетті. Бүгінгі таңда 6 млн 607 мың еңбек шарты жасалып, базаға енгізілді. Өткен жылдың соңында бұл көрсеткіш 5 млн 900 мыңды құраған болатын. Осылайша, өсім 637 мыңнан астам шартты құрады.

Комитет басшысы бұл көрсеткіштер қазақстандықтардың басым бөлігі көлеңкелі жұмыспен қамтудан шығып, еңбек заңнамасына сәйкес рәсімделген шарттармен, құқықтармен және әлеуметтік кепілдіктермен жұмыс істей бастағанының дәлелі екенін айтты.