12.05.2026 _ 16:02

Абай облысының кентінде экологиялық акция өтті

«Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында Семей қаласындағы Водный кентінде «Таза қала – таза орта» атты экологиялық акция ұйымдастырылды. Тазалық шарасына облыстық қоғамдық келісім орталығы – Достық үйінің қызметкерлері, Ассамблея жастары және қаланың 50-ге жуық белсенді жасы қатысты. Қатысушылар кент аумағын қоқыстан тазартып, қоғамдық орындарды ретке келтіру жұмыстарына белсенді атсалысты, деп хабарлайды Абай облысының әкімдігі.

Шара барысында қатысушылар табиғатты қорғау – әр азаматтың ортақ міндеті екенін айтып, экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды. Мұндай акциялар жастарды еңбекқорлыққа, жауапкершілікке тәрбиелеп, қоғамдағы тазалық мәдениетін нығайтуға ықпал етеді.

Акция соңында қатысушылар тұрғындарды қоршаған ортаны таза ұстауға шақырып, мұндай игі бастамалардың алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.

Жалпы, «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында 4 сәуірден бері облыс бойынша өткізілген экологиялық және санитарлық тазалық шараларына 182 847 адам, сондай-ақ 2 369 ұйым мен мекеме өкілдері қатысты. Тазалық жұмыстарына 958 бірлік техника жұмылдырылды.

Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 14 387 аула мен 275 саябақ және сквер аумағы тазартылып, 9 547 тонна қатты тұрмыстық қалдық арнайы полигондарға шығарылды. Сонымен қатар, облыс аумағында 20 750 түп ағаш отырғызылды.