13.05.2026 _ 12:00

Вейп құрамын зерттейтін жаңа сот-сараптамалық тәсіл енгізілді

Елдегі өзекті мәселелердің бірі – электрондық тұтыну жүйелері. Қазақстанда 2024 жылғы 20 маусымнан бастап вейптер, хош иістендіргіштер және оларға арналған сұйықтықтарды әкелуге, өндіруге, сатуға және таратуға тыйым енгізілді. Осыған байланысты сараптамалық зерттеулер барысында аталған өнімдердің нақты түрін, техникалық ерекшеліктерін және құрамындағы заттарды анықтаудың маңыздылығы артты. Вейп құрылғылары мен оларға арналған сұйықтықтардың үнемі жаңарып отыруы оларды сәйкестендіруді және құқықтық бағалауды қиындатып отыр. ҚР ӘМ Сот сараптамалары орталығының директоры Бақытжан Байтілесов ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында осылай деп мәлімдеді.

Оның айтуынша, нарықта пішіні, құрылымы, қолданылатын буландырғыш элементтері және химиялық құрамы әртүрлі өнімдер кездеседі. Кейбір құрылғылар сыртқы көрінісі бойынша тұрмыстық заттарға ұқсас болып келеді, бұл оларды сараптамалық тұрғыдан зерттеуді күрделендіреді. Сонымен қатар сұйықтық құрамындағы никотин мөлшерінің өзгеруі мен әртүрлі химиялық қоспалардың қолданылуы зерттеудің өзектілігін арттыруда.

«Сондықтан қолданыстағы әдістемелер жетілдіріліп, вейптерді, ароматизаторларды және оларға арналған сұйықтықтарды зерттеу бағыттары енгізілді. Бұл қазіргі өнімдердің ерекшеліктерін ескеруге мүмкіндік береді. Зерттеу барысында құрылғының техникалық сипаттамалары, сұйықтықтың химиялық құрамы, никотиннің болуы мен концентрациясы, сондай-ақ өзге де компоненттердің құрамы анықталады», – деді спикер.

Бұл әдістеме өнімнің нақты түрін анықтауға, зерттеу нәтижелерінің дәлдігін қамтамасыз етуге және сараптамалық қорытындылардың ғылыми негізділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар аталған бағыттағы зерттеулер жаңа буындағы электрондық тұтыну жүйелерін сәйкестендіру мен оларды сараптамалық практикада тиімді қолдануға негіз болады.

Алдағы уақытта сот сараптамасын дамыту жұмыстары 2026–2027 жылдарға арналған Жол картасы арқылы жалғасады. Бұл құжат заңнаманы жетілдіру, әдістемелерді жаңарту, цифрландыру, мамандардың біліктілігін арттыру және материалдық-техникалық базаны нығайту бағыттарын қамтиды. Заңнаманы жетілдіру аясында артық бюрократияны азайту, құқықтық олқылықтарды жою және цифрландыру мәселелерін реттеу жоспарланған. Сот сарапта түрлерінің тізімі жаңартылып, ескірген бағыттар алынып тасталады және жаңа бағыттар енгізіледі. Виртуалды аутопсия, бейне және аудиофиксация мәселелері де реттеледі.

Жол картасы аясында мемлекеттік тізілімдегі шамамен 200 әдістемеге қайта тексеру жүргізу жоспарланып отыр. Бұл оларды қазіргі ғылыми талаптарға сәйкестендіруге мүмкіндік береді. Сонымен бірге маңызды бағыттардың бірі — цифрландыру. Бүгінгі таңда «Е-Сараптама» жүйесі жаңартылып, көптеген процесс ЖИ элементтерін қолдану арқылы автоматтандырылуда. Ақпараттық жүйе жаңа микросервистік архитектураға көшірілмек.